384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Колумбия халқы үкіметке неге наразы

  • 165
  • UPD: 21:10, 22.11.2019

Колумбия қалаларында үкіметке қарсы жаппай наразылық акциялары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ереуілдің алғашқы күнінде-ақ 100-ден астам тұрғын зардап шеккен. Билік өкілдері ереуілшілерді сабырға шақырып, көшеге күзетті шығарды. Тіпті шекара шегенделіп, ондағы бақылау да күшейтілген.

Колумбия тұрғындары жаппай бейбіт шеруге шықпақшы болған. Бірақ кәсіподақ пен оппозицияның араласуынан кейін шеру соңы қақтығысқа әкеп соқты.

Латын Америка елдерін үкіметке қарсы ереуілдер жайлап барады. Бір жыл ішінде ауқымды толқулар Венесуэла, Чили, Боливияда өтті. Бұл жолы кезекті көтеріліс Колумбияда басталды. Жергілікті тұрғындар ел президенті Иван Дукенің саясатына көңілі толмай, жаппай бейбіт шеруге шығуды жоспарлайды. Десе де, кәсіподақ пен оппозицияның қолдауынан кейін көшеге шыққан 207 мың халық ереуілдете бастады. Бір ғана Кали қаласының өзінде тәртіп сақшыларымен болған қақтығыстан 100-ден астам адам зардап шекті. 115 ереуілші тұтқындалған. Билік өкілдері шаһарда коменданттық сағат енгізді.  

Карлос Холмс Трухильо, Колумбия қорғаныс министрі:

– Ел қауіпсіздігі үшін барлық шекараны уақытша жаптық. Билік өкілдері ереуілге шығып, заңға қарама-қайшы әрекет еткен қылмыскерлерді жазаға тартады. Ұлттық әскер сақадай сай тұр. Көшедегі күзет күшейтілді. 8 мың әскер Богота, Медельин, Кали, Барранкилье, Картахене, Букараманге, Перейре және Пастоға жіберілді.

Жалпы ереуілдің мақсаты не? Тұрғындар үкіметке неге наразы? Мәлім болғандай, халықтың басым бөлігі президент ұстанған әлеуметтік-экономикалық саясатқа көңілі толмайды. Десе де, ереуіл ұйымдастырушылар нақты үш себепті айтты. Бірінші – зейнетақы және еңбек реформасы. Жаңа жүйе бойынша колумбиялық қызметкер еңбек өтілі кезінде үнемдеген қаражатымен ғана зейнетке шығады. Жастар үшін ең төменгі жалақы сомасы азайтылған. Екіншіден, мемлекеттік мекемелер мен университеттерде жемқорлық етек жайған. Үшіншіден, жұмыссыздық деңгейі 10,2 процентке, электр энергиясының құны 35 процентке қымбаттаған. Нәтижесіз реформаның салдары осындай жаппай ереуілге әкелді. Наразы халық Боготада конргесс пен қала әкімшілігінің ғимаратын қиратқан. Кали, Каук, Картахен, Медельинде ереуілдер жалғасып жатыр. 

БЛИЦ:

– Біз Иван Дукенің үкіметінен шаршаған соң көшеге шығып отырмыз. Оның көптеген реформасына көңіліміз толмайды. Сол үшін көшеге шығып, өз құқығымызды талап етіп отырмыз.

– Бұл – халықтың көңіл-күйі. Тұрғындар қажыды. Әлеуметтік әділетсіздіктен шаршады. Экономикалық, саяси, еңбек реформалардың қарапайым халыққа еш пайдасы жоқ.

«Өз құқығын жаһанға жар саламын деп, өзгелердің құқығын таптауға болмайды». Бірнеше қалада өткен ереуілдерге мемлекет басшысы Иван Дукенің өзі осылайша твиттерде ғана жауап қатты. Сондай-ақ ол тұрғындарды сабырға шақырып, арам пиғылды ереуілшілерге алданып қалмауды ұсынған. Ал сарапшылар Дукенің үкіметі әлсіз екенін айтады. Колумбиядағы ереуілге көршілес елдердің толқыны әсер етті дегендер де табыла кетті.

Владимир Сударев, сарапшы:

– Колумбиядағы ереуілдерге көршілес елдердегі жағдай әсер етіп отыр. Сондай-ақ Иван Дуке Вашингтонмен серіктестігіне қарамастан, халық алдында өз міндетін орындай алмады. Мәселен, Венесуэламен арадағы шекараны жаппады. Босқындар ағыны тұрғындардың жағдайына тікелей әсер етті. Дуке мен оның министрлер кабинеті өте әлсіз. Көшеге шыққан халықты тоқтата алмайды. Бұл жағдайдың соңы президенттің отсавкаға кетуіне әкелуі мүмкін.

Айта кетейік, әлемдік сарапшылар 2019 жылға әлем бойынша «Ереуілдер жылы» деген атау бермек. Шынында, латын америкалық елдерде жыл басында басталған дағдарыстар әлі де тұрақталар емес. Ал Колумбиядағы жағдайды «араб көктемі» мен «латын америка күзінің» шарықтау шегі дейді сарапшылар.  

Соңғы ақпарлар бойынша, ереуілшілерге қарсы көз жасаурататын газ қолданылып жатыр. Бірнеше қалада коменданттық сағат енгізіліп, ішімдік сатуға тыйым салынды. 

Хабар 24 телеарнасы