412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арменияда баспана бағасы қымбаттап барады

  • 442
  • UPD: 14:05, 25.11.2019

Арменияда баспана бағасы күн өткен сайын шарықтап барады. Жылжымайтын мүлік бағасының бұлай құбылуын риэлторлар бірнеше себеппен байланыстырады. Атап айтсақ, орталықта жаңа тұрғын үйлердің тұрғызылмауы, жоғары сұраныс пен тиімді ипотекалық шарттар әсер етсе керек. Айта кетсек, 2015 жылдан бастап Арменияда баспана алудың жаңа бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Оған сай, ипотека проценті азаматтың табыс салығы есебінен өтеледі.

Арменияда пәтер бағасы 2017 жылдан бері қымбаттап келеді. Әсіресе ел астанасында баға айтарлықтай көтерілген. Тек соңғы жылдың өзінде мұнда жылжымайтын мүлік құны орташа есеппен 25 процентке артқан. Ең үлкен өсім Ереванның орталығында байқалады. 

Левон Костанян, риелторлық компанияның бас директоры:

- Баға өсіміне экономикалық өсім әсер етті.  Себебі халық тарапынан сұраныс бар. Бүгінде пәтерлердің бір шаршы метрі 1200 доллардан 3000 долларға дейін саудаланып жатыр. Және бұл үйлерге де сұраныс жоғары болып тұр. 

Левон Костанянның айтуынша, қала орталығындағы қымбат пәтер мен коммерциялық жылжымайтын мүлікті көбіне армян диаспорасының өкілдері иеленеді. Ал жергілікті тұрғындар болса, пәтерді жаңа тұрғын үй кешендерінен алуға асығады-мыс. Олар үйді қолайлы несие бағдарламасымен рәсімдеп, оны табыс салығы есебінен өтейді екен. Жалпы мұндай жолмен Еревандағы үйлердің 70 проценті сатылады. Осылайша мемлекет тұрғын үй құрылысы бизнесін ретке келтіріп, халықтың баспана алуына жағдай жасап отыр.

Геворг Сарьян, құрылыс компаниясының басшысы:

- Бұрынғы үкіметтің баспанаға мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін құрылыс бизнесін дамытуды қолға алып, тиімді ипотекалық шарттар арқылы қолдау көрсетуі бізге өте қатты көмектесті. Мәселен, бұған дейін құрылыс компаниялары өз нысандарын аяқтай алмай қиналатын. Қазір банктер құрылыс компанияларына сенім білдіре бастағаннан соң сатып алушылар да еш алаңдамайды. 

Геворг Сарьянның Ереванда тұрғын үй кешендерін тұрғызумен айналысып келе жатқанына бірінші жыл емес. Маман үй тұрғызу ісінде тек білімі мен тәжірибесіне сүйеніп қана қоймай, озық технологияларды да қолданады.

Геворг Сарьян, құрылыс компаниясының басшысы:

- Бүгінде архитектура мен құрылыс салалары күн санап дамып жатыр. Сондықтан өткен ғасырдың стандарттары қазіргі заманға сай емес. Себебі жаңа тұрғын үйлерде әрбір пәтер суды жеке құбыр арқылы алады. Ал ескі үйлердегі жағдай мүлдем басқа. Қалай болғанда да олар 50 жылдан соң бәрібір сүріледі.

Бүгінге дейін осы бір тұрғын үй кешеніндегі үйлердің үштен бірі сатылып кеткен. Оның жартысына жуығы банк арқылы рәсімделіпті. Ал құрылыс компаниясының директоры 2022 жылдың маусымына дейін барлық пәтер иелері өз үйлерінің кілтін алады деп уәде беріп отыр. 

Авторлары: Лаура Жусупбекова, Тигран Галстян, Давид Атаян

Хабар 24 телеарнасы