427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жаһандық жылыну ең алдымен балалар үшін қауіпті – экологтар

  • 1013
  • UPD: 21:56, 25.11.2019

Су тасқыны мен оған ұласқан лай көшкіні Еуропадан бастап Африка құрлығына дейінгі елдердің халқын әбігерге салып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Топан судан Италия, Франция, Кения тұрғындары зардап шегуде.

Францияда табиғи апат адам шығынына әкелген. Су тасқынынан 4 тұрғын опат болды. Елдің оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде демалыс күндері жауын-шашынның 2 айлық мөлшері жауса керек. Сөйтіп, өзендер арнасынан тасыған. Мәселен, Аржанс өзеніндегі су деңгейі 5 метрден асып кеткен. Билік метеобақылау тарихында мұндай жағдай бұрын-соңды болған емес дейді. 

Соңғы уақытта топан судан көз ашпай келе жатқан Италияда тағы да төтенше жағдай болды. Оқыс оқиға Лигурия аймағында тіркелген. Мұнда Турин және Савона қалаларын жалғап тұрған эстакаданың 30 метрлік бөлігі опырылып түскен. Құрылыс лай көшкіне шыдас бермесе керек. Абырой болғанда, құрбандар жоқ. Өйткені төтенше жағдай кезінде эстакада үстінде көлік болмаған.

Венецияда да қауіптің беті қайтпай тұр. Қала халқы соңғы жарты ғасырдағы ең алапат топан судан әлі есін жия алмай келеді. Табиғи апаттан келтірілген шығын жүздеген миллион еуроға бағаланып отыр. Осы ретте Италияда шаһарға көмек көрсету үшін ақша жинау науқаны басталып кетті. 

Ал мынау Африкадағы Кения елінде түсірілген бейнежазба. Мұнда толассыз жауған нөсер соңы лай көшкініне ұласқан. Соңғы мәлімет бойынша, 54 адамның қазасы расталған. Сорақысы сол, ізім-қайым жоғалған тағы 47 тұрғын әлі табылған жоқ. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Бір елдерде қызыл судың беті қайтпай жатса, ал кей қалаларрда орман өрті дес бермей отыр. Экологтардың айтуынша, бәріне климаттың өзгеруі себеп. Осы ретте жаһандық жылыну ең алдымен балалар үшін қауіпті дейді ғалымдар.

Ник Уотс, сарапшы:

– Жаһандық жылынумен күресте шұғыл шаралар мен барлық елдердің жұмыла әрекет етуі қажет. Әйтпесе қазіргі балалар индустрияға дейінгі заманмен салыстырғанда, 4 градусқа жоғары әлемде өмір сүретін болады. Соның кесірінен балаларға тойып тамақ ішпеу, иммунитеттің әлсіреуі, мезгілсіз қаза, күйзеліске ұшырау секілді қауіп төніп тұр.

Жалпы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің пайымдауынша, 2030 жылға қарай климаттың өзгеруі салдарынан 241 мың адам көз жұмуы мүмкін. Сонымен қоса жаһандық жылыну әлеуметтік теңсіздік мәселесін де ушықтырып, 10 жылдан кейін тағы 100 миллион адам кедейліктің кебін киюі де мүмкін деп көңіл көншітпей отыр мамандар.

Әдетте адамдар жаһандық жылыну жайында сөз қозғағанда, жақын арада бола қоймайтын түйткіл ретінде айтып жатады. Алайда ғалымдар шұғыл шаралар қабылданбаса, алдағы 10 жылда жағдайдың күрт өзгеріп кетуі ғажап емес дейді.

Хабар 24 телеарнасы