376,72 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Польшада көші-қон заңы жеңілдеуі мүмкін

  • 259
  • UPD: 12:06, 30.11.2019

Польшада жергілікті билік жұмыс істеуге келген шетелдіктердің жүріп-тұру мерзімін ұзарту мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет өзге елдерден келген мамандармен ұзақ мерзімді ынтымақтастық құру арқасында экономиканы дамытуға ниетті. Статистикаға сүйенсек, 2017 жылдан бері Польша астанасы Варшаваға қара жұмысшылардан гөрі, біліктілігі жоғары қызметкерлер көбірек келетін болған.   

Соңғы үш жылда Польшаға жұмыс істеуге келгендердің басым бөлігін украиналықтар құраған. Осы ретте Варшавада украиналықтарға тіркеуге тұрып, жұмыс табуына көмектесетін арнайы агенттіктер де пайда болған. Былтыр 238 мың украиналық Польшада жұмыс істеуге рұқсат алған. Екінші орында Непалдан келген мигранттар, ал үшінші орында Беларусь азаматтары тұр. 2017 жылмен салыстырғанда, украиналық еңбек мигранттарының саны 25 процентке, ал Беларусь еңбек мигранттарының саны екі есеге артқан.  

Александра Влодарчик, экономист:

– Польша ұлттық банкі өкілдерінің хабарлауынша, еліміздегі миллионға жуық еңбек мигранттарының 900 мыңы - Украина азаматтары. Олар орта есеппен бізде 7 ай жұмыс істейтін болып шықты.

Польшаға жұмыс мақсатымен келген мигранттардың жүріп-тұру мерзімін ұзартуды шетелдіктердің өздері де, жұмыс беруші ірі компаниялар да сұрап отыр. Сонда білікті мамандар ел экономикасына мол пайда әкелуі тиіс. 

Максим Андросенко, құқық қорғаушы:

– Польшаға келіп жатқан шетелдіктер күннен күнге көбейіп барады. Олар тек ауыр физикалық жұмыс істеумен ғана шектелмейді. Кейбіреулері осында бизнес бастап жатады. Мәселен, жуырда Польшада дәмханалар ашу ісімен айналысатын адаммен таныстым. Сондай-ақ шаштараз ашқан әйелді де танимын. Жалпы Шығыстан Батысқа ағылған кәсіпкерлер саны аз емес.

Биліктің пайымдауынша, 2030 жылға таман Польшадағы шетелдік жұмысшылардың саны бір жарым миллионнан асуы мүмкін. Ал бос жұмыс орындар саны 4 миллионға жуықтайтын болады. Соған қарамастан жергілікті парламентарийлер қазіргі көші-қон саясатын сақтап қалуға ниетті. Тек тіркеусіз Польшада шетелдіктердің жүріп-тұру мерзімін 7 айдан 9 айға дейін ұзарту көзделіп отыр. Өзгерістер келесі жылы жүзеге асырылуы мүмкін.    

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Лукаш Корвин

Хабар 24 телеарнасы