419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Молдова ғалымдары электронды қол протезін жасап шығарды

  • 776
  • UPD: 12:52, 30.11.2019

Молдова ғалымдары электронды протез жасап шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ол қолынан айырылып қалған жандарға арналған. Арнайы білезік бұлшықеттің жиырылу жиілігін санап, тиісті мәліметті протезге жеткізеді. Өнертапқыштардың айтуынша, электронды қол әлемдік аналогтарынан әлдеқайда арзан тұрады.

Электрондық қол протезін ойлап тапқан 22 жастағы Владислав. Кишинев студентінің өнертабысы сапа жағынан ғана емес, қолжетімді бағасы жағынан ұтымды болмақ. Алдын ала есептеулер бойынша, протездің құны мың доллардан аспауы тиіс. Бұл әлемдік аналогтармен салыстырғанда, 30 есеге дейін арзан. Владиславтың ойлап тапқан құрылғысының ерекшелігі - білезігінде болып отыр. Онда 8 сенсор орнатылған. Олар бұлшықеттің жиырылу жиілігін есептеп, мәліметті техникаға жеткізіп отырады. 

Владислав Ковальский, студент:

– Мен адамдарға көмектескім келеді, қоғамға пайдам тисе екен деймін. Өйткені қызықты жобалар аз емес. Алайда олардың барлығы бірдей пайдалы, яғни адамға көмектесуге арналған деп айта алмаймын. Болашақта аяқтың протезін жасау ойда бар.

Роботты техника саласында Молдова жастары біраз жетістікке жеткен. Соның бір себебі, мектеп бағдарламасына роботты техника пәнін қосу болса керек. Білім беру министрлігі мен халықаралық даму бойынша агенттіктің қолдауымен оны елдегі 15 мың жеткіншек оқып шыққан. Сөйтіп бүгінде коммерциялық жағынан табысты жобалардың үлесі Кишинев студенттеріне тиесілі болып отыр.  

Ионелла Титирез, IT саласында кәсіпкерлікті дамыту және білім беру бойынша менеджер:

– Біздің жастар роботты техника бойынша ұлттық құрамаға кіріп, биыл Дубайда өткен халықаралық олимпиадаға қатысты. Олар 3 алтын медальді еншіледі. Қатысушыларымыз – 14-18 жас аралығындағы мектеп оқушылары.

Роботты техниканы мектеп бағдарламасына қосудан бөлек Молдова билігі тағы маңызды бастаманы қолға алмақ. Атап айтқанда, жасөспірімдердің жергілікті және таяу шетелдегі ірі Ай-Ти компанияларда тәжірибеден өту мәселесін қарастырып жатыр.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Оксана Вивич, Дмитрий Лукша және Станислав Трифан

Хабар 24 телеарнасы