378,86 417,79 6,08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чехияда су, жарық және жылумен өзін өзі қамтитын үй салынбақ

  • 215
  • UPD: 13:08, 02.12.2019

Яғни, баспана толығымен табиғи құбылыстарға тәуелді болады. деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, су құбырының жұмысы жаңбыр есебінен қамтамасыз етілсе, жылыту үшін күн сәулесі қолданылады. Қазір өнертапқыштар тобы қағаз жүзіндегі жобаны аяқтап жатыр. Артынша үйді тұрғызу жұмыстары басталмақ.

Томаш – бірегей үй жобасы авторларының бірі. Инженер сәулет пен қоршаған орта арасындағы өзара үйлесімділікті табу үшін Түркия, АҚШ пен Қытайға да барып қайтқан. Өйткені бұл елдерде күн технологиялары жақсы дамыған.

Томаш Крменчик, инженер:

- Жұмыстар үшін тұтас қыш кірпішті таңдадық. Өйткені ол энергияны көп қажет етпейді. Сондай-ақ қандай ауа райы болмасын, бөлме ішіндегі температураны ұстап тұрады. Біз болашақтың үйін, яғни шағын, бірақ ұзаққа шыдас беретін нысан салғымыз келеді. Жобаға жүздеген адам тартылды. Олардың арасында сәулетшілер, энергетиктер, тіпті экологтар да бар.

Бірегей үйдің арқасында коммуналдық қызмет, сәйкесінше коммуналдық төлемдер өткеннің еншісіне айналатын түрі бар. Бірақ әзірге оның қанша тұратыны белгісіз. Алайда, инженерлердің айтуынша, құны нарықтағы бағадан төмен болу керек.

Конструкторлар барлығын қарастырып қойған. Мәселен, жаңбыр аз жауғанда, тұрмыстық қажеттіліктер үшін қазылған ұңғымадағы су қолданылады. Ал, керісінше, жауын мол болғанда, оның суы үйдің жанындағы жасанды көлге жинала бермек.

Павел Янкто, эколог:

- Құрылыстың қосымша элементтері – литий мен фосфаттан жасалған аккумулятор және жаңбыр суын жинауға арналған 16 текше метрлік резервуар. Аккумулятор күн энергиясын жинап, оны сақтайды. Ал, су биологиялық әдіс арқылы тазартылғаннан кейін резервуарға қайта жиналады. Ауыз су үйдің маңынан қазылған ұңғымадан алынады.

Үйдің құрылысы келесі жылдың басында басталмақ. Аяқталғаннан кейін инженерлер барлық техникалық құжаттаманың жария етілетінін айтады. Сонда адамдар болашақта өздері осындай үйді сала алатын болады.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Надежда Дрейгал, Дмитрий Лукша, Вадим

Хабар 24 телеарнасы