418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуроодақта ұзақ мерзімді бюджетті талқылау соңы келіспеушіліктер туғызды

  • 511
  • UPD: 08:57, 03.12.2019

Еуроодақта 2021-2027 жылға арналған бюджетті талқылау соңы дауға ұласатын түрі бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Венгрия, Чехия, Польша мен Словакия өкілдері қаржыландырудың айтарлықтай азаятынына наразы. Есесіне Одақ Румыния мен Болгарияға бөлінетін ақшаны 8 проценте арттыруға ниетті. Осы ретте «бюджетті бұлай бөлу арандатушылық пен  саяси теңсіздікке жатады» деген әңгімелер айтыла бастаған.

Ұзақ мерзімді бюджеттің соңғы нұсқасы осы айдың ішінде Еуропа кеңесінің қарауына беріледі. Әзірге оны талқылау жүріп жатыр. Бұл тарапта Польша премьер-министрі ұсынылған құжатты қабылдамайтынын кесіп айтты. Өйткені мемлекетті қаржыландыру көлемі азаймақ. Польшамен қоса Венгрия, Чехия мен Словакияға да бөлінетін ақша қысқаруы мүмкін. Себебі аталған елдер Еуроодақтың ынтымақтастық қағидатын бұзса керек. Оның үстіне бюджеттің қысқаруына Брекзит те ықпалын тигізуі мүмкін.

Максим Бурмицкий, заңгерлік компанияның директоры:

– Болгария мен Румынияны қаржыландыруды арттыру ұсынысы осы елдерді дамытуға бағытталған. Өйткені олар әлі де болса, Еуроодаққа мүше мемлекеттердің ортақ деңгейіне жетіңкіремей отыр. Бұл – өзіндік даму бағдарламасы. Оның Польша, Чехия, Венгрия мен Словакия бюджетін қысқарту бастамасына еш қатысы жоқ. Яғни бір мемлекеттің бюджеті қысқарып, ол ақша өзге мемлекетті қаржыландыруға жұмсалмайды.

«Болгария Еуроодаққа кейін қосылған елдердің бірі болғандықтан, оған көбірек қолдау көрсетілуде», – дейді сарапшылар. Мұны Еуропарламент өкілдері де жасырмайды. Өйткені Балқан түбегінде орналасқан Болгария Еуроодақ пен Қытай мүдделерін тоғыстыратын маңызды елдердің бірі саналады. Бұдан бөлек қосымша қаражат бөлуді талап ететін мәселелер де жоқ емес дейді сарапшылар. Солардың бірі – Шенген аймағын іске қосу мәселесі. Соңғы мәлімет бойынша, Болгария техникалық жабдықтау жағынан бұған дайын емес екен.

Илиан Радев, әлеуметтанушы:

– Келесі жылы Еуроодақта Хорватия мен Германия төрағалық етеді. Қатаң келіссөздердің сол кезге дейін жалғасары анық. Алайда одан түк шықпайды. Өйткені бюджетке қатысты дәйекті шешімдер қабылданып қойған тәрізді. Болгарияға расымен қаржы қажет. Шенгенді іске қосу, еуроға өтуге дайындық дегендей. Мұнымен келіспейтіндер де бар. Алайда биыл мамырда Польшада өткен кездесуде Еуроодақтың жаңа мүшелері - 13 мемлекеттің өкілдері «Варшава декларациясына» қол қойған болатын. Сөйтіп барлық артықшылықтар мен жеңілдіктерді күшінде қалдыруға келіскен.

Келіспеушіліктерді болдырмау үшін Еуроодақта тиісті заң да қабылданып қойған. Енді шешімді бұрғынғыдай бірауыздан мақұлдау қажет емес. Көпшілік қолдаса жеткілікті. Сонымен қоса одаққа мүше мемлекеттер Еуроодақтың негіздік қағидаттарын қалай сақтаса, соған орай қаржылай көмек көрсету мүмкіндігі де қарастырылмақ.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Наталья Абильдина, Дмитрий Лукша, Борис Димитров.

Хабар 24 телеарнасы