420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Украинада 70-ке жуық тұрғын үй жобасының құрылысы тоқтап тұр

  • 711
  • UPD: 10:46, 03.12.2019

Аяқталмаған тұрғын үй жобасы Киев үшін де үлкен мәселеге айналған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Украинада «үлескер» деген ұғым жоқ, мұнда тұрғын үй құрылысына қаражат құйған украиналықтарды «инвестор» деп атайды. «Алданған инвесторларға мемлекет ешқандай көмек көрсетпейді», – дейді сарапшылар. Киевте  32 мыңнан астам пәтері бар 70-ке жуық тұрғын үй нысаны салынып бітпей, даулы болып тұр.

Құрылыс кезінде тұрғын үй жобасына қаражат құйған адам Украинада «инвестор» деп аталады. Инвесторлардың ақшасы әдетте – құрылыс материалдары мен жұмысшылардың еңбекақысына жұмсалады. Тұрғын үй пайдалануға берілгенде ғана «инвестор» «мүлік иесіне» айналады. Украина жылжымайтын мүлік клубының зерттеуі бойынша, Киевтегі құрылысы енді басталған нысанның 73 пайызын қауіпті деп есептеуге болады екен. Айталық, бүгінде қаладағы 105 нысанның құрылыс жұмысын жүргізуге рұқсаты жоқ, 107 нысан жерді мақсатсыз пайдалануда.

Денис Фетисов, заңгер:

– Қарапайым статистиканы айтайын: Киевтегі әр екінші нысанның құрылысқа рұқсат етілген құжаты толық емес. Киев қаласы бойынша құрылыстың 30-40 пайызы проблемаға айналған. Бір айда ғана маған адвокат ретіндегі кеңесіме 40 жуық адам жүгінді. Олар «компания құрылысты тоқтатты, үйім салынып бітпей жатыр», – деген шағым айтады.  

Зардап шеккен инвесторларға көмектесетін қаладағы қауымдастық: «Киевте 32 мың пәтері бар 70 нысанның құрылысы тоқтап тұр», – деген ақпаратты айтады. Иесіз қаңырап тұрған құрылыс пен алаяқтардан алданған адамдардың саны да қысқаратын емес. «Бұған осы саладағы Украина заңының осалдығы да сеп болып тұрғанын айтады», – сарапшылар. 

Денис Фетисов, заңгер:

– Украина тұрғын үй нарығы қараусыз және қадағалаусыз. Мемлекет инвесторларға қамқорлық танытпайды. Егер құрылыс компаниясы өз мүмкіндігін есептей алмай, шығынға ұшыраған болса, үйді сатып алушы адам құрылысты өзі аяқтайды. Мемлекет бұл кезде де сақтандырмайды. Бұл саладағы заңнама әлсіз.

Украиналық адвокаттар заңсыз үйлердің құрылысы мен алаяқтар санының артуына өз құқығын толық білмейтін тұрғындар да кінәлі дейді. Айталық, инвесторға нарық бағасынан әлде қайда арзан үй ұсынса, құрылыс компаниясы «Сізге лицензиясын толық көрсетпесе, қаражатты банк емес менеджер арқылы  қолма-қол алса – мұндай құрылыс компаниясына күдікпен қараған жөн», – деп ескертеді заңгерлер.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко.

Хабар 24 телеарнасы