378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанда қысқы дөңгелекке ауыспағандар ТЖМ назарында болады

  • 209
  • UPD: 15:42, 04.12.2019

Ұзақ жолға аттанар алдында жазғы дөңгелектерді қысқыға ауыстырыңыздар. Қырғызстанның төтенше жағдайлар бойынша министрлігі жыл сайын көлік жүргізушілеріне осындай нұсқау береді. Әсіресе елдің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын жалғыз жолмен қатынайтындарды ерекше ескертеді. Дегенмен, бұл ескертулерге құлақ аспайтын жүргізушілер де бар.

Арақашықтығы 650 шақырымды құрайтын Бішкек-Ош жолында үш таулы асу мен бір шатқал бар. Бұл осы жолдың ең қауіпті бөліктері. Мұнда қар көшкіндері жүріп, көктайғақ жиі болып тұрады. Жол таулы аймақтан өтетіндіктен, қар ерте жауады. Осының салдарынан көлікпен жүру қиындай түседі. Сол себептен төтенше жағдайлар бойынша министрлік мамандары күздің өзін-де ақ қысқы дөңгелектерге ауысу қажеттігін ескертеді. Тіпті көктемде де онын шешпеу керек.

Игорь Науминцев, Тоо-Ашуу қар көшкін станциясының бастығы: 

- Ақ ұлпа әсіресе ақпан мен наурыз айларында көптеп жиналады. Осы кезде ауа да жыли бастайды. Сол себептен қар ылғал тартып, салмағы да артады. Тиісінше қар көшу қауіпі де артады.

Биыл тоғыз айда Бішкек-Ош күре жолында 500-дей көлік апаты тіркелген. Онда 84 адам қаза тапқан. Жол апаттарына негізінен жылдамдықты асыру мен автокөліктердің нашар жабдықталуы себеп болған. Біразында қысқы дөңгелектері мен тайғаққа қарсы шынжырлары болмаған. Құтқарушылар қолынан келгенше жолды қар мен мұздан тазартуға тырысады. 

Джапар Маматов, көлік жүргізуші:

- Жол жақсы, оны күтетін қызмет сапалы жұмыс істейді. Қардан тазартып, құм себеді. Сол себептен тайғанамай, жолдың қауіпті бөлігінен қиналмай өттік. 

Алайда қанша еңбек етсе де құтқарушылардың көлік апаттарын мүлдем болдырмауға мүмкіндіктері жоқ. Көлік жүргізушілерінің өздері де сақтануы қажет. Жауаптылары ұзақ жолға толық дайындықпен шығады. Ал қалғандарына шектеу салынады. Енді жол қызметі тайғаққа қарсы шынжырлары жоқ көліктерді таулы асуларға жібермейтін болды. 

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы