432,23 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Францияда зейнетақы реформасына қарсы жаппай ереуіл өтіп жатыр

  • 479
  • UPD: 23:36, 05.12.2019
Францияда зейнетақы реформасына қарсы жаппай ереуіл өтіп жатыр

5 желтоқсан Франция үшін «қара бейсенбі» болды. Жоқ, жеңілдіктерге арналған «қара жұмамен» шатастырып алмаңыз. Францияда «қара бейсенбі» зейнетақы реформасына қарсы жалпыұлттық ереуіл дегенді білдіреді. Бүгін ел бойынша 245 жерде наразылық акциялары өтіп жатыр. Қалаларда көлік қатынасы тоқтатылып, әуе рейстері кейінге қалдырылған. Мұғалімдер, әуе диспетчерлері, медицина, полиция және сот қызметкерелері жұмысты доғарып, көшеге шыққан. Олар үкіметтің зейнетақы жүйесіне өзгерістер енгізуіне қарсылықтарын жеткізді. 

Мен қаланың сыртында тұрамын. Бүгін жаппай ереуіл болғандықтан қоғамдық көлік те, жүрдек пойыз да қатынамай тұр. Дегенмен, зейнетақы реформасына қарсылық таныту үшін бұған көнеміз. Өйткені қаншама жыл еңбегіміздің жемісін зейнетақы арқылы көреміз ғой.

Үкімет 2020 жылы зейнетақы жүйесіне өзгерістер енгізбек. Бұл ереуілден пайда келе ме білмеймін. Дегенмен, халық құқығын қорғайды. Адамдар болашағына алаңдағандықтан осындай қадамға барып отыр. 

Франция жұртын дүрліктірген зейнетақы реформасы қалай өтеді? Жүйедегі өзгерістер қандай болмақ? Алдымен бұл реформа президент Макронның сайлауалды берген уәдесі екенін айта кетейік. Өзгерістерге келсек, жаңа жүйе бойынша енді 42 түрлі режим болмайды. Барлық зейнетақы алушылар бір жүйеге біріктіріледі. Бұл 2025 жылдан бастап күшіне енеді. Реформаға сай зейнетақы есептеу қағидаты өзгертіліп, балдық жүйе тіркеледі. Зейнетке кету 62 жас болып, өзгеріссіз қалады. Дегенмен, шегерімдерсіз толық зейнетақы сомасын алу үшін 64 жасқа дейін жұмыс істеу керек болады. Француздар бұл жаңашылдыққа көнбей отыр. Билік болса тұрғындарды еңбекке ұзағырақ араласуға шақырып әлек. 

Кристоф Кастанер, Франция ішкі істер министрі:

- Жаппай ереуілдерге халықтың басым бөлігі шықпақ. Дегенмен, бұл жағдайды пайдаланып сіздермен қатар радикалдар да шығатынын ұмытпаңыз. Сары күртешелілер де көтеріліске қосыламыз деп отыр. Қаланың келбетіне нұқсан келтіретіндей қақтығыстардың себепкері болмаңыздар. Бұл жағдайлардың алдын-алу үшін Париж және өзге қалалардағы тәртіп сақшылары санын күшейтіп жатырмыз. 

Ереуілге шыққан қызметкерлердің талап-тілегі әртүрлі. Мәселен: мұғалімдер жаңа ереже енгізілген соң зейнетақы мөлшері қысқарып қала ма деп алаңдап отыр. Көлік саласында қызмет етушілер болса мерзімінен бұрын зейнетке шығу жүйесі өзгеріссіз қалсын дейді. Жалпы, француздар үшін дәл осы зейнетақы реформасының жыры бөлек. Бұған дейін бірде бір үкімет осы саладағы реформаны сәтті жүзеге асыра алмаған. Соңғы рет 24 жыл бұрын президент Ширактың үкіметі де өзгерістер енгіземіз деп, көтерілістер басылмаған соң бастамасынан бас тартқан еді. 

Фредерик Даби, саясаттанушы:

- Бұл ереуіл Макрон басқарып отырған үкімет үшін сын сағаты. Себебі теміржолшылар кәсіподағы біріксе, елдегі барлық қозғалыс тоқтайды деген сөз. Оған тағы халықтың қолдауын қосыңыз. Үкіметтің ереуілшілер талабына көнуден басқа амалы қалмайды. Дегенмен, Макрон халықтың талабына көнсе, беделін төмендетіп алуы мүмкін. Реформалар енгіземін деп билікке келгенімен, алдындағы сары күртешелілердің талабына көнген еді.  

Бұл орайда Франциядағы меншікті тілшіміз Алия Сыздықовамен байланысқа шығып, елдегі қазіргі жағдайды сұрап білсек. 

- Негізі өзіңізге жалпыұлттық ереуілдің әсері байқалып жатыр ма? 

- Эфирге шығу үшін мұнда таксимен келдік. Өйткені метро жұмыс істемейді. Қызымның мектебінде сабақтар болмады. Ондағылар да ереуілге шыққан. Негізі шараға 2 мыңға жуық жекеменшік кәсіпорын қатысуда. Эйфель мұнарасы да бүгін жұмыс істемей тұр. Жалпы, бүгінгі шеру бейбіт түрде өтіп жатыр. 

- Мектептің жайы түсінікті. Ал мемлекеттік мекемелер ше? Олардың да жұмысы тоқтатылды ма? 

- «Қара бейсенбі» көпшілік үшін күтпеген жағдай болды деуге келмейді. Өйткені қызметкерлердің көбі қашықтықтан жұмыс істеу тәртібіне көшкен. Көлікпен мүмкіндігінше қатынамау үшін тұрғындар шаруаларының бәрін кейінге ысырып қойған. Бұл мерзімсіз шеру болса да, дүйсенбі күні автобустар мен метро қалыпты жұмыс тәртібіне көшсін деген ескерту айтылды. Ал ереуілшілер биліктің жауабын күтіп отыр. 

Айта кетейік, қоғамдық көлік, жүрдек пойыздар тоқтап тұрғандықтан қазір тұрғындар жеке көлігін тақымдаған немесе таксимен қатынап жатыр. Соңғы келіп түскен ақпарат бойынша Франциядағы көлік кептелісі 550 шақырымға жетіпті.

Хабар 24 телеарнасы