376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Дроннан да қауіп бар...

  • 442
  • UPD: 15:32, 06.12.2019
Дроннан да қауіп бар...

Түрлі елдердің арнайы қызметтері террорлық ұйымдардың пилотсыз ұшақтарды қолдану қаупі артқанын айтып дабыл қағуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Содырлар осындай құрылғыларға жарылғыш заттар орнатып, лаңкестік шабуылдар жасауы ықтимал. Барлау қызметтері мұны лаңкестер арасында дрондар жасау технологияларының тарауымен байланыстырып отыр.

Бұл – Сириядағы Хмеймим ресейлік әскери базасы. Осындағы ұшақтар төрт жыл бойы Сирия үкіметіне халықаралық лаңкестік ұйымдармен күресуге көмектесіп келеді. Алайда қазір олардың өзіне қауіп төніп тұр. Әскерилер мұны «ассиметриялық қатер» деп атайды. Бағасы онша қымбат болмаса да, пилотсыз  ұшу аппараттары стратегиялық нысандарға елеулі нұқсан келтіре алады. 300 доллар тұратын дронды қағып түсіру үшін бағасы 3 миллион доллар тұратын зымыран атылған кездері де болды. Ресей қорғаныс министрлігінің ресми өкілі генерал-майор Игорь Конашенковтың мәлімдеуінше, содырлар дронды жеңіл граната, мина немесе қолдан жасалған жарылғышпен жабдықтап, оны бомбалаушы ұшаққа айналдырады. Сондай-ақ, әуеден түсіріп, жанкештілер мінген көліктерді жаруға қолайлы сәтті таңдайды. Байланыстың өзге түрлері болмағанда, дрондардың көмегімен хабар алмасады. 

Игорь Конашенков, РФ қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

– Лаңкестердің қолдарына технологиялар түскені күмән келтірмейді. Басқару, навигация және белгілі бір ауданда жарылғышты түсіру жүйелерін меңгерген. 10 немесе 20 шақырым қашықтыққа емес, жүздеген шақырымға шабуыл жасай алатынын ерекше айтқым келеді. 

Содырлар пилотсыз құрылғыларды басқа мақсатта да қолданады. Әуеден фото мен бейнетүсірілім жасап, оны үгіт-насихат жүргізу үшін пайдаланады. Дрондардың қаупі туралы Қазақстанның әскери мамандары да ескертіп келеді. Полковник Болат Жорабаевтың айтуынша, стратегиялық, экономикалық және әскери кешендерге әсер ету үшін пилотсыз аппараттарды қолдану бейбіт кезеңде де қатер төндіреді. 

Болат Жорабаев, ҚР қорғаныс министрлігінің өкілі:

– Негізгі қауіптердің біріне ұшу құралдарымен, оның арасында жолаушы ұшақтармен жақындасуын атауға болады. Лаңкестік немесе қылмыстық мақсатта, мысалы, абақтыға тыйым салынған затты жеткізу үшін дрондарды қолдану. Екіншіден, пилотсыз құрылғыларды ерекше қорғалатын аймаққа ұшырту. Үшінші қауіп бұл – дрондарды жарылғыш немесе қарудың өзге түрлерімен жабдықтап, соққы жасау құралы ретінде пайдалану.

Қазақстанның тиісті органдары пилотсыз ұшатын аппараттарды қолдануын реттеу үшін заң-нормативті актілерін әзірлеп жатыр. Қорғаныс министрлігі өкілінің айтуынша, бұл заңдар қабылданғаннан кейін стратегиялық кешендер үстімен дронды ұшырғаны үшін қылмыстық жаза қарастырылады.

Авторлары: Ақмарал Баталова, Евгений Махметов

Хабар 24 телеарнасы