378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Францияда ереуілшілерге қарсы көз жасаурататын газ қолданылды

  • 202
  • UPD: 23:53, 06.12.2019
Францияда ереуілшілерге қарсы көз жасаурататын газ қолданылды The Local.fr

Бейсенбі күні Францияның бірнеше қаласында ондаған мың жұмысшы ел президенті Эмманюэль Макронның жоспарлаған зейнетақы реформасына наразылық білдіру үшін көшелерге шықты.

Оған мұғалімдер, дәрігерлер, әуе диспетчерлері, теміржол және қоғамдық көлік жұмысшылары қатысқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат The Local.fr сайтына сілтеме жасап.

Францияның Ішкі істер министрлігі елдегі зейнетақы реформаларына қарсы демонстрацияларға 800 мыңға жуық адам қатысқанын растады. Тек Париж көшелерінің өзіне ғана 65 мың адам шыққан. Ал Кәсіподақтардың мәліметінше, ереуілдер мен наразылық шараларына қатысқандардың саны анағұрлым көп – 1,5 миллион адам.

BBC News бейсенбі күні көптеген туристік орындар, оның ішінде Эйфель мұнарасы жабылғанын атап өтті. Париж полициясының хабарлауынша, наразылық білдірушілер дүкен витриналарын сындырып, қаланың әр жерінде нысандарды өртеген. Оларға қарсы көз жасаурататын газ қолданылды.

Бұл күні көптеген француздар жұмысқа және үйге жаяу баруға мәжбүр болды. Өйткені қоғамдық көлік те, метро да жұмыс істемеді. Париждегі метро желілерінің көпшілігі толығымен жабылды. Айта кету керек, күніне 4 миллион жолаушы метро қызметін пайдаланады. Ел әуежайларында жүздеген рейс тоқтатылды. Сондай-ақ Францияның көптеген мектептерінде сабақтар болған жоқ.

Айта кетейік, Францияда соңғы он жыл ішінде ресми зейнетке шығу жасы 60-тан 62-ге өзгертілді. Бұл, Экономикалық ықпалдастық және даму ұйымы елдері арасында ең төменгі зейнеттік жас. Мысалы, Ұлыбританияда зейнетке 66 жаста шығуға болады. Ал таяу уақытта британдықтар бұл межені 67 жасқа көтеруді жоспарлап отыр. 

Хабар 24 телеарнасы