424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Корея Еуразия елдерімен ынтымақтастықты нығайтады

  • 601
  • UPD: 21:59, 07.12.2019

Оңтүстік Корея Еуразиялық аймақпен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сеулде Солтүстік экономикалық ынтымақтастық комитетінің алғашқы форумы өткен еді. Комитет Ресей, Қытай, Моңғолия және Орталық Азия елдерімен әріптестікті нығайту жолында жұмыс істейді.

Сеул мен Пхеньян ортақ мәмілеге келер  емес. Бірақ Корей түбегінің оңтүстігі солтүстікпен экономикалық байланыс орнатудан үміт үзбейді. Cолтүстік экономикалық ынтымақтастық комитетінің өкілдері қос Кореяның бірігуіне Еуразиялық аймақ мемлекеттері көмектесе алады деп сенеді. Ұлттық жиналыс депутаты Чу Ми Энің айтуынша, Еуразия елдерінің бай ресурстары мен технологиялары еуразиялық логистикалық желі арқылы үлкен нарық құра алады.

Чу Ми Э, Корея Республикасы ұлттық жиналысының депутаты:

– Бұл шара Кореяның инновациялық технологияларын, ресейлік ғылым мен техниканы, сондай-ақ Кореяның цифрлық  және Қазақстанның аэроғарыштық технологияларын біріктіріп, ынтымақтастық аясын кеңейту үшін өте маңызды.

Өңір кәсіпкерлері арасында тікелей байланыс орнатылуы керек. Қазақстан өкілі Қайрат Абусейітов комитетке Еуразия сауда-өнеркәсіп палаталары өкілдерінің форумын ұйымдастыруды ұсынды.

Қайрат Абусейітов, Тұңғыш Президент – Елбасы қорының халықаралық бағдарламалар орталығының жетекшісі:

– Меніңше, бұл экономикалық ынтымақтастық форумы Еуразия туралы жаңа түсініктің маңызды бөлігі болып табылады.

Форумда Корея мен Қазақстан қарым-қатынасын одан әрі нығайту қажеттігі айтылды. Осы ретте Корея сауда және инвестицияларды ықпалдастыру агенттігінің өкілдері кәсіпкерлерді елімізге инвестиция құюға шақырды. Қазақстанның тау-кен металлургия кешені мен цифрландыру саласы перспективалы бағыт саналады.

Олжас Раев, ҚР Кореядағы елшілігінің инвестициялар бойынша арнайы кеңесші:

– Қазақстанның тау-кен металлургия кешені екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың стратегиялық бағыты болуы мүмкін. Сондай-ақ Корея шикізат ретінде пайдаланылатын белгілі бір ресурстарды жеткізуге мүдделі.

Солтүстік экономикалық ынтымақтастық комитеті Орталық Азия елдерімен өзара байланысты жандандыруда. Биыл Мун Джей Иннің Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстанға жасаған сапарынан кейін Оңтүстік Корея үкіметі алдына екі мың жиырма үшінші жылға дейін Орталық Азияның үш елімен тауар айналымын жиырма миллиард долларға дейін жеткізу мақсаты қойылды. Оңтүстік Корея инвестициялары автомобиль өнеркәсібін, фармацевтика, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру және айти саласын дамытуға бағытталмақ.

Авторлары: Владислав цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы