Австралияда бір жарым айдан бері жалғасып келе жатқан орман өрті Сидней қаласына жақындады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осыған байланысты шаһардың оңтүстік-шығысындағы шеткі аудандардың тұрғындарын эвакуациялауға дайындық жүріп жатыр. Жалпы Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында 108 өрт ошағы тіркеліп отыр. Өрт сөндірушілер олардың тек 30-ын ғана өшірген. Бірақ лаулаған жалын 2 миллион гектар жерді күлге айналдырды. Табиғи апаттан осы уақытқа дейін 6 адам көз жұмып, тағы 30 тұрғын жапа шеккен. 700-ге жуық үй жанып кетті. Өртті сөндіруге АҚШ, Жаңа Зеландия және Канада елінен келген мамандар көмектесіп жатыр.