380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бразилия көз жасы арқылы қандағы қант құрамын анықтайтын көзілдірік шығарды

  • 230
  • UPD: 09:50, 10.12.2019

Бразилия ғалымдары америкалық әріптестерімен бірлесіп жаңа биосенсор ойлап тапты. Көзілдірікке тағылатын құрылғы көз жасы арқылы қандағы глюкоза деңгейін өлшей алады. Бұл әсіресе диабетке шалдыққан адамдарға пайдалы дейді мамандар.

Қазіргі кезде диабетке шалдыққан науқастар қанындағы қант үлесін глюкометрмен өлшейді. Ол үшін саусақ ұшын тесуі керек. Ауыртқанымен қатар бұл басқа аурулардың жұғуына жол ашуы мүмкін. Бразилиялық ғалымдардың өнертабысы жақын арада науқастарды осы азаптан құтқаратын түрі бар.  

Кауане Дуроес, биодәрігер:

- Биосенсор қандағы қант үлесін анықтаумен қатар, түрлі биомаркердің ақуызын таба алады. Осының арқасында қатерлі ісік секілді түрлі аурулардың диагнозын қоюға болады. Бұл үшін тиісті бағдарламалық жасақтама қажет. Оның нақты қашан дайын болатынын білмейміз, бірақ қолдану әлеуеті зор. 

Сыртынан қарапайым көрінгенімен, жаңа құрылғы ең заманауи технологиялар бойынша жасалды. Ғалымдардың айтуынша, бар механизмдерін бір мезгілде істету ең қиынға соқты. Құрылғы көзілдіріктің мұрындық тіреулеріне бекітіледі. Көздің жасы оған тигенде, ол қандағы глюкоза құрамының толық сараптамасын жүргізеді.  

Лидиане Фелих, зертхана қызметкері:

- Бұл көп қызмет атқара алатын құрылғы. Сәл өзгерту енгізсек, қандағы витамин мөлшерін көрсетеді. Әріптестеріміз көзілдірік шығаратын компаниямен келіссөздер жүргізіп жатқанын білемін. 

Бұл құрылғының саудаға қашан түсетіні белгісіз. Ғалымдар оны әлі сынақтан өткізіп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, диабетке шалдыққан науқастардың саны жылдан жылға артып келеді. Қазір олардың саны 380 миллион құраса, 2035-жылға қарай 580 миллионға дейін артуы мүмкін.  

Авторлары: Анна Орлова, Герберт Рейз

Хабар 24 телеарнасы