380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада мас күйінде көлік жүргізу қылмысқа теңестірілді

  • 157
  • UPD: 13:21, 10.12.2019

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Украинада мас күйінде көлік басқарған жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Заңға бағынбағандар 3 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылып, темір торға тоғытылады.  Бұған дейін көлікке отырған мас адамға әкімшілік жауапкершілік қана жүктелетін еді.  Украина билігі жазаны неге күшейтті? 

Бұл Украинаның Харьков қаласы. 2017 жыл, 18 қазан. Сағат кешкі 8 жарым шамасы. «Lexus» мінген жиырма жасар Елена Зайцева «Volkswagen» көлігімен соқтығысады. Салдарынан жол жиегінде тұрған 11 адамды қағады, бесеуі оқиға орнында жан тапсырады, алтыншысы ауруханада ажал құшады. Жол апаты Украина халқын бей-жай қалдырмайды, қоғам биліктен Жазаны күшейтуді сұрайды. 

Денис Фетисов, заңгер:

- Бұл өзгеріс Харьковтегі қайғылы оқиғадан соң қабылданды. Мас жүргізушінің кесірінен, талай адам көз жұмды. Жаңа жылдан бастап, мас күйінде көлік тізгіндегендер бұрынғыдай әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. 

2020 жылдан бастап, заң  күшіне енсе, Украинада көлікті мас күйінде басқарғандар жүргізуші куәлігінен 1 емес 3 жылға дейін айырылмақ. Сондай-ақ айыппұл көлемі де артып отыр: бұрынғыдай 17 мың гривень емес 34 мың, шамамен 1,5 мың долларға дейін көтеріледі. 

- Менің ойымша, мас адам  көлікке мүлдем отырмауы тиіс. Отырдың ба, түрмеге тоғытыл. Өте дұрыс шешім. 

- Айыппұлды арттыру керек, куәлігін тартып алу. Қылмыстық жауапкершілік тығырықтан шығар жол емес. 

- Дұрыс, мас жүргізушімен күресті қатайтқан жөн. Өз өміріңе салғырт қарасаң да, өзгенің өмірін ойлау керек. 

2019 жылдың 26 ақпанында ғана Харьковтағы ірі жол апатына жауапты екі жүргізушіге сот үкімі шығарылды. Қызылға өтіп кетіп,  «Volkswagen» көлігімен соқтығысқан 20 жасар студент Елена Зайцева 10 жыл, сарыға жүре бастап, лексусты қаққан Volkswagen иесі Геннадий Дронов та 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Дәл осы оқиғадан кейін, мас күйінде көлік басқарған жүргізушіні қылмыстық жауапкершілікке тартатын заң тармағы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енбек.  

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Хабар 24 телеарнасы