375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Зеленский Путинмен бетпе-бет кездесті

  • 404
  • UPD: 18:38, 11.12.2019

Соңғы үш жылда алғаш рет Донбастағы жанжал бойынша Норманд төрттігінің саммиті өтті. Сегіз сағатқа созылған келіссөздер ауыр өтті. Дегенмен, бұл басқосуға қатысқан Украина, Ресей, Франция және Германия басшылары кездесу қорытындысына оң баға берді.

Украина президенті Владимир Зеленский норманд форматындағы басқосуға тұңғыш рет қатысты. Ол Ресей президентімен бетпе-бет кездесе ме? Бұл бәрін толғандырған басты сауал болды. Жалпы саммит күн тәртібінде Украина мен Ресей президенттерінің екіжақты келіссөздері қарастырылған болатын, бірақ соңғы уақытқа дейін олардың тікелей жүздесетіне толық сенім болған жоқ. Толық құрамдағы келіссөздердің екі сағаты өткеннен кейін, үзіліс жарияланып, Путин мен Зеленский жарты сағат оңаша тілдесетіні хабарландырылды. Нәтижесінде бұл кездесу бір сағаттан астам уақытқа созылып, қос тарап бірқатар мәселелер бойынша келісімге жетті. Алдағы апталарда жанжалды аймақта атыс-ұрыс толық тоқтатылады. Жылдың аяғына дейін барлық тұтқындарымен алмасу процесі өтеді. Жаңа үш орында жауласқан тараптардың күштері ажыратылып, жаңа өткелдер ашылатын болды.

Эммануэль Макрон, Франция президенті: 

- Еуропаның тұрақтылығыжәне сенім мен қауіпсіздікке негізделген жаңа саяси архитектураны құру Минск келісімдері аясында Украинаның шығысындағы жанжалды реттеуге байланысты болып отыр. 

Ангела Меркель, Германия канцлері:

- Президент Зеленский атқарған жұмысы Минск келісімдеріне жаңа серпін берді. Бүгін біз осындай қадам жасадық және бәріміз осы бағытта тынбай еңбек етуіміз қажет. 

Дегенмен, Донбасс мәртебесі мен шекараны бақылау мәселелерінің түйіні әлі тарқаған жоқ. Жергілікті сайлау өткізуге де тыңғылықты дайындалу қажет. Норманд төрттігінің келесі кездесуінде талқыланатын басты тақырыптар осы болмақ. 

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

- Бітімге жету процессін Минск келісімдерінде қарастырылған саяси реформалардың шарттарымен үйлестіру керек. Бұл тұста, ең алдымен, Донбасстың ерекше мәртебесін тұрақты негізде бекітетін Конституцияға өзгерістер енгізу туралы айтылып отыр. Сондай-ақ Донбастағы жеке аймақтардың ерекше мәртебесі жөнінде заң мерзімін ұзарту қажет. 

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Мен мемлекеттік шекараның Украина жағынан бақылануын толық түрде қалпына келтірілуін талап еттім. Төрт айдан кейін Норманд форматында өтетін келесі кездесуімізде осы мәселені шешуге қайта оралатынымызға сенімдімін. 

Өзекті мәселелер бойынша бір ымыраға қол жеткізілмесе де, бұл келіссөздерді табысты өтті деп санауға болады. Бастысы тараптар осыдан бірнеше жыл бұрын тоқтап қалған диалогын қайта бастады.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы