424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еуропаны аңсаған мигранттар аязда далада қалды

  • 613
  • UPD: 22:22, 10.12.2019

Мынау – шатырлардан құралған Вужчак мигранттар лагері.

Босниядағы Баня-Лука қаласының маңында орналасқан. Мұнда тұрмысқа мүлдем жағдай жасалмаған. Маңайда қоқыс тау болып үйіліп жатыр. Босниядағы соғыстан қалған миналы аймақтар да осы маңға жақын. Енді қыстың қаһарын қосыңыз. Мұндағы мигранттар алғашқы қарды далада қарсы алды. Толассыз жауған ақ ұлпа шатырларды шыдатпай барады. Адамдар бой жылыту үшін орманнан ағаш тасып әлек. «Десе де, суық сүйектен өтіп барады», – дейді ауғанстандық босқындар. 

Блиц:

– Адамдар даладағы жануарлар емес. Тоңып, аштан қатып жатыр. Одан бөлек, балалар мен қарттарды ойлаңыздаршы.

– Еуропаға өту үшін барлық жиған-тергенімізді жараттық. Бірақ Хорватия мен Словения шекараларын ашпай отыр. Біз екі ортада қалып қойдық.

Мигранттар лагерінде жағдай жасалмаған

Бұл лагерге «Балқан бағыты» арқылы Еуропаға өтпек болғандар жиналған. Олардың дені Грекия, Солтүстік Македония, Болгария, Сербия және Черногория шекараларында қолға түскендер. Еуропалық Одақ бұған дейін Босния және Герцеговина билігіне бұл лагерді жауып, мигранттарды жылы жерге көшіруді тапсырған еді. Дегенмен, шатыр астында әлі күнге 500-дей босқын тұрып жатыр. Еріктілердің айтуынша, лагерде дертке шалдыққандар жетеді. Тіпті, әр шатырдың тұсынан жөтел естілетін көрінеді. 

Дунья Миятович, Еуропа кеңесінің адам құқықтары бойынша комиссары:

– Босния мен Герцеговина азаматы ретінде мигранттардың осылай далада суықта қалуын, ел үшін барып тұрған масқара дер едім. Адамдар үшін мүлдем жағдай жасалмаған. Елімізде осындай лагердің барына ұяламын. Мазақ қой бұл. Лагерді жауып тастау керек.  

Мигранттар лагерден көшкісі келмейді

Билік өкілдері Хорватиямен шекарада орналасқан бұл лагерді жауып тастаймыз деп мәлімдеген де еді. Мигранттарды өзге орталыққа көшіру әлдеқашан жоспарланған. Бірақ Вужчактағы босқындар жаңа лагерге бармаймыз дейді. Өйткені ол жақтан Хорватияға өту қиындай түседі. Жақсы өмір іздеген босқындар түбінде Батыс Еуропа елдеріне барамыз деген ниетте. Сол үшін үміттеніп, шекара маңынан ұзағылары келмейді.

Блиц:

– Бізді полиция қызметкерлері Сараево деген орталыққа көшірмек. Түбінде көнеміз ғой, қайда барамыз. Дегенмен, адамдар ол жаққа барғысы келмейді. Себебі ол алыста орналасқан. Біздің көздегеніміз Еуропа ғой. 

– Шындап келгенде саясаткерлер бізге көмектескісі келмейді. Шекара маңына жаңа лагер салу олар үшін түк емес қой. Болмаса осы жерде бізге жағдай жасап берсін.

Вужчактағы мигранттар Хорватиямен шекараны заңсыз кесіп өтпек болған. Ол үшін түрлі айла-шарғыға да барды. Дегенмен, құжатсыз босқындар үшін шекара жабық. Ал Босния билігі шекара маңында жаңа лагер салуды жоспарлап отыр. Дегенмен, бұл үдерістің ұзаққа созылатын түрі бар. Ал суықта тоңып, дертке шалдыққан мигранттардың жан айқайына кімнің құлақ асары белгісіз.

Хабар 24 телеарнасы