376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украина мен Еуроодақ бірыңғай әуе кеңістігі туралы келісімге келуі мүмкін

  • 196
  • UPD: 10:21, 11.12.2019

Жақын уақытта Украина мен Еуроодақ бірыңғай әуе кеңістігі туралы келісімге келуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы мәмле 5 жыл бұрын ратификацияланған, алайда Ұлыбритания мен Испания арасындағы әуежай дауының кесірінен Украина «Ашық аспан» құжатына қол жеткізе алмай келеді.

Бірыңғай әуе кеңістігі не болмаса «Ашық аспан» жайлы келісім ең алдымен Еуроодақ мемлекеттері арасында орын алған. Бертін келе бұл келісімге Еуроодаққа енбейтін Грузия, Молдова, Израиль тіпті Солтүстік Африканың кейбір елдері қосыла бастады. Талай жылдан бері Украина да Еуроодақпен бірыңғай әуе кеңістігін құрғысы келеді. Себеп айқын – сапалы қызмет, ұшақ бағасының арзандығы және мемлекеттер арасындағы рейс санында қатал шектеу болмайды.

Александр Кава, Украина инфрақұрылым министрінің экс-орынбасары, көлік саласының маманы:

- Еуроодақпен бірыңғай әуе кеңістігі туралы келісім жасалса, рейс санына шектеу жойылады. Әуекомпания Украина қалаларына ұшқысы келсе, әуежайдан слот қана алу қажет болады. Украина мен «Ашық аспан» арасындағы келісім 2014 жылдың көктемінде ратификацияланған. Алайда, Ұлыбритания мен Испания арасындағы «Гибралтар» әуежайына қатысты даудың салдарынан екі ел мұндай құжатқа қол қоюдан бас тартты.

Британияның Еуроодақтан шығуы жөніндегі Brexit келісімі бекітілгенде Украинаның «Ашық аспан» құжатына қол жеткізу мүмкіндігі артпақ. Бұл келісім өз кезегінде отандық әуекомпаниялар арасындағы бәсекелестікті арттырады.

Александр Кава, Украина Инфрақұрылым министрінің экс-орынбасары, көлік саласының маманы:

- Brexit жақындап қалғанын білеміз. Ұлыбритания Еуроодақ құрамынан шыққан кезде, Украина кедергісіз «Ашық аспан» келісіміне қол жеткізеді. Бұл Украина мен Еуропа жолаушыларыне не береді? Әуекомпаниялар арасындағы бәсекелестік артады, сәйкесінше баға саясаты өзгереді. Мысалы, Украина мен Израиль арасындағы әуебайланысы туралы өзара келісім жүзеге асқанда, Тель-Авив және Украина қалалары арасындағы әуе қатынасының бағасы 3-4 есеге арзандаған.

2017 жылы Украина мен Еуроодақ арасында визасыз келісім жүзеге аса бастаған. Қазір Украина азаматтары  Еуроодақтың 26 еліне еркін саяхаттай алады. «Еуроодақпен «Ашық аспан» жайлы келісім жасалса, туристер саны күрт көтеріледі», - деп күтеді Украина билігі.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Хабар 24 телеарнасы