443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильдің Ашкелон қаласы су астында қалды

  • 299
  • UPD: 15:25, 11.12.2019

Израильде толастамай жауған нөсер жауыннан кейін су тасыды. Табиғи апаттан қатты зардап шеккен Ашкелон қаласында тұрғын үйлер, дүкендер мен көлік тұрақтары су астында қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Абырой болғанда, адамдар дін аман.

Су тасқынынан кейін Ашкелон қаласын батпақ пен лай басты. Шаһар аудандарының бірінде тіпті шағын көлшік пайда болған. Ең қызығы, бұл ауданның атауы «Агамим» деп аталады. Иврит тілінен ол көлдер деп аударылады екен.

Майкл Мур, Ашкелон қаласының тұрғыны:

Құбырлармен ағып кетуі тиіс болатын судан бірнеше сағатта мынадай көл пайда болды. Қазіргі кезде бұл аудан өз атауына сәйкес келіп тұр. Бірақ бұл тұрғындарды қуантпайтыны анық, өйткені жаңбырдан кейін жолдардың жағдайы сұмдық болмақ.

Нөсерге арналған кәріз жүйесі судың ағынына шыдас бере алмады. Көшелерді су басып, қала құдды Венециядан айнымай кетті. Кейбір адамдарды су басқан көліктерінен құтқаруға тура келді.

Қалаға қысқа мерзімде бір жылғы жаңбыр мөлшерінің 10%-і жауды. Мэрия өкілдерінің айтуынша, осындай ағынға ешқандай кәріз жүйесі шыдас бермес еді. Сондай-ақ тасқынның кесірінен қала тұрғындары жарықсыз және интернетсіз қалды. Қаланың инженерлік қызметі тәулік бойы тынбай еңбек етіп, электр желілерін қалпына келтірді.

Софа Бейлин, Ашкелон мэрінің орынбасары:

- Кәріз жүйесінің шамасы жетпегендіктен, қосымша су сорғыштар орнатылды. Кәріз жүйесі дұрыс істеп тұр, бірақ ол көп жыл бұрын салынған. Сол себепті осындай жағдайда жалғыз амалымыз бар. Ол қосымша техника мен құрал-жабдықты орнатып, қосымша жұмысшыларды тарту.

Синоптиктердің болжамы көңіл көншітпейді. Жаңбыр аптаның аяғына дейін жауатын түрі бар. Төтенше жағдайлар қызметтері жаңа су тасқынына дайындалып жатыр. Сел жүру қаупіне байланысты Өлі теңізге баратын жолдар жабылған. Құтқарушылар туристерге бұл аймаққа жақындамауға нұсқау берді.

Авторы: Сергей Ауслендер

 

Хабар 24 телеарнасы