412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанда диплом иелерінің білім сапасы сын көтермейді

  • 543
  • UPD: 11:32, 12.12.2019

Қырғызстанда жоғары оқу орнының түлектері арасында жұмыс таппай жүргендер саны артып барады, деп хабарлайды «Хабар 24»

Өйткені еңбек нарығында жас кадрлар тым көп көрінеді.

Бүгінде Қырғызстанда 50 жоғары оқу орны бар. Бірі медициналық академия, сосын сәулет университеті секілді салалық мамандар даярлайды. Бірақ дені ортақ бағыттар бойынша мамандыққа баулиды. Сөйтіп, еңбек нарығында ұқсас мамандар саны көбейіп кеткен. Түлектердің жұмыссыз қалуы да содан. Олардың қатарының артуына тағы бір себеп – диплом иелерінің білім сапасының сын көтермейтіндігі. 

Мира Джангарачева, ҚР бұрынғы еңбек және әлеуметтік қорғау министрі :

– Түлектердің күрделі салаларға барғысы жоқ. Олар «ай-ти» технологияны, не банк секторын таңдамайды. Өйткені ондағы жұмыс ауыр. Бірақ бәріне жастарды кінәлауға болмайды. Бұған осы жылдар бойы елді басқарғандар, еңбек нарығы жүйесін құра алмағандар, талдау жүргізбегендер жауапты.

Жоғары оқу орындарының көбі студенттерді қалыптасқан стандарттар бойынша оқытады. Алайда болашақ мамандарға тапсырыс беруші кәсіпкерлер жоғары білім беру саласына өзгеріс қажет екенін айтады. Талапты ескеріп, туризмді оқытуда біршама жаңалық енді. Өйткені Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болғалы елге келетін саяхатшылар саны артқан. Оларға жоғары деңгейде қызмет көрсету үшін нақты әрі сауатты білім қажет екені белгілі.

Саида Сабирова, жекеменшік компанияның кадрлар бөлімінің басшысы:

– Өкінішке қарай, кейінгі жылдары мемлекет тарапынан сұранысы жоғары мамандықтар бойынша бақылау әлсіреген. Сөйтіп, жоғары оқу орындар да қажетті бағытты таңдау жағынан қиналып қалды. Бұл – біздің ел үшін өзекті мәселелердің бірі.

Қырғызстан 4 жыл бұрын Болон жүйесіне көшкен. «Ол білім беру сапасын жақсартатыны рас», – дейді сарапшылар. Алайда түлектерді жұмыспен қамту мәселесін шешуде пайдасы шамалы деседі. Болашақ маманды даярлайтын білім беру мекемесі мен оны жұмысқа алуы мүмкін компания арасында байланыс орнатуға да күш салып жатыр. «Дегенмен, көп жағдайда бұл қадам да сәтсіздікке ұшырауда», –  дейді сарапшылар.     

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы