431,03 474,00 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Франциядағы ереуілдер туризмге кері әсер етті

  • 370
  • UPD: 18:24, 12.12.2019

Францияда бір апта бойы қоғамдық көлік қызметкерлерінің ереуілі жалғасып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты туындаған қиындықтар шетелдік туристерді елден айныта бастады. Әдетте қызмет көрсету саласы жыл аяғына үлкен үміт артады, өйткені Жаңа жылға қарай елге демалуға келетіндер саны еселеп артатын. Өткен жылы «сары жейделер» қозғалысы бұл көрсеткішті төмендеткен болатын. Наразылық шерулері туризм саласына қалай әсер етіп жатыр?

Туристер азайғанын алдымен қонақ үйлер сезді. Бөлмелерге тапсырыстар саны шамамен 30%-ке азайды. Мейрамханалар мен дүкендерде де бұрынғыдай көп адам көрмейсің. Әдетте түскі демалыс кезінде Париждегі кафелер лық толы болатын. Қазір олардың көбісі бос.

Роберт Нгюэн, даяшы:

Ереуілге байланысты қатынау қиындап кеткендіктен, адамдар мейрамханаларға барғысы келмейді. Өздері тұратын ауданнан шықпай, істерін бір-екі аптаға қалдырып отыр.

Туризм – Париж үшін негізгі сала. Өткен жылы қала 50 миллион туристті қабылдаған болатын. Ереуіл өтіп жатқан кезде шағын бизнеске қолдау көрсету мақсатымен Үкімет қонақ үйлер мен мейрамханаларға салық жеңілдіктерін беруді шешті. Бүкіл әлемге әйгілі кешендердің де жұмыс тәртібі өзгерді. Мысалға Лувр әдеттегіден кеш ашылып, кейбір бөлмелері жабық тұр. Қоғамдық көлік қатынауы да қиындаған.

Валентин, Грекиядан келген турист:

- Қазір ары-бері жүру қиындап кетті. Біз Диснейлендке бару үшін автобусқа міне алған жоқпыз. 50 шақырымды жаяу жүре алмайсың, 100 еуроға такси жалдауға мәжбүр болдық. Бұл сұмдық ғой.

Наталия, Бразилиядан келген турист:

Көп жаяу жүруге тура келіп тұр. Бұған дайын болған жоқпыз, өйткені алдын ала баратын жерлерімізді белгілеп қойған едік. Енді басқа амал жоқ, жаяу жүреміз.

Тьерри, Реюньоннан келген турист:

- Жаяу жүруге тура келсе де, әлеуметтік наразылыққа түсінікпен қараймыз. Өйткені зейнетақы мәселесі бәріне қатысты.

Ереуіл тағы бір аптаға жалғасады. Яғни, қоғамдық көлік қозғалысы әлі реттелмейді деген сөз. Десе де, ереуілдердің туристер үшін жақсы тұсы да бар. Қазір қаланың басты мұражайларына кіру үшін ұзын кезекте тұрудың қажет жоқ.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы