378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бішкекте ауаның ластануына қарсы ереуіл өтті

  • 170
  • UPD: 09:48, 13.12.2019

Бішкекті құтқарып қалайық! Қырғызстан астанасында осындай ұранмен наразылық акциясы өтті. Жиылған жұрт шенеуніктерден шаһардың ластануын азайту бойынша нақты әрекет талап еткен.

Наразылық акциясына 100 адам шыққан. Бірі қалмастан бетперде тағып келіпті. Осылайша таза ауамен тыныстау мүмкін емес екенін көрсеткісі келген. Жұрттың алаңдауы  бекер емес. Өйткені тәуелсіз сарапшылардың мәліметінше, ауаның ластану деңгейі рұқсат етілген межеден 13 есе артып кеткен. Соның салдарынан шаһарды көк түтін тұмшалаған.  

Бермет Борубаева, тәуелсіз эколог:

- Халықтың денсаулығына, өміріне қауіп төніп тұр. Әсіресе Бішкек, соның ішінде қала орталығы тұрғындарының жағдайы алаңдатып отыр. Түйткілді шешу үшін кешенді жұмыс қажет. Мәселен, қоғамдық көліктің жағдайын жақсарту, ескі темір тұлпарлардың санын қысқарту дегендей. 

Қарашаның аяғында Бішкек әлем бойынша ауасы ең лас қала ретінде бірінші орынға шыққан болатын. Жергілікті билік экологиялық ахуалдың нашар екенін жасырмайды. Түйткілді шешу керек дейді. Алайда мұны сыни көрсеткішке жатқызуға асықпай отыр. Ал, белсенділер шұғыл шаралардың керегін айтады. 

Мария Колесникова, наразылық шарасының қатысушысы:

- Мұнда арнайы бетперде киіп келдік. Осылайша өзімізді, денсаулығымызды түтіннен қорғамақпыз. Билік жағдайды жақсарту үшін тиімді шаралар қабылдаса екен. 

Осылай деген ереуілшілер билік басындағыларға экологиялық ахуалды жақсарту бойынша өз жоспарын да ұсынып отыр. Олардың қатарында жылыту жүйелерінің энерготиімділігін арттыру, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, ауаның ластану көрсеткіші жоғары аудандарды газдандыру, қалаға әкелінетін жанар-жағармай материалдарының сапасы мен жылу электр орталықтарындағы тазалайтын фильтрлердің жұмысын бақылауды күшейту шаралары бар. 

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы