380,84 420,44 6,06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иран мен ЕО арасында санкциясыз есеп айырысудың амалы табылды

  • 204
  • UPD: 12:35, 13.12.2019

Қытай билігі Еуропалық Одақ пен Иран арасында төлем жүйесін дамытуға қолдау білдірді. Ресми Бейжің Еуропаны осы бағыттағы жұмысын тездетіп, кәсіп жүргізудің бұрынғы көрсеткіштеріне жетуге шақырды. Осыдан бірнеше күн бұрын жаңа жүйеге бірдей алты мемлекет - Бельгия, Дания, Финляндия, Нидерланд, Норвегия және Швеция қосылды.

Еуропалық елдер Инстекс деп аталатын Иранмен есептесу жүйесін биыл қаңтар айында құрған болатын. Оның басты мақсаты - АҚШ санкцияларына қарамастан Иранмен қаржылық транзакциялар жасау мүмкіндігін сақтап қалу. Бірінші кезеңде бұл жүйе дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдықтар мен ауыл шаруашылық өнімдерінің импортын қамтамасыз ету үшін қолданылды. Осыдан кейін ресми Тегеран осы төлем жүйесінің көмегімен мұнайды экспорттау жолдарын қарастыра бастады. 

Эхсан Тагадоси, Орталық Азия және Кавказ мәселелері бойынша сарапшы:

- Иран күніне 700 мың баррель мұнай сатып, осы жүйеден пайда көре алады. Бірақ соңғы бір жылда ондай шара жасалған жоқ. Еуропа жазылған шарттарды орындамай жатыр, көп уәде бергенмен, істеген ісі аз. Сондықтан Тегеран сөздеріне сенбей отыр. Иранмен бірлесіп жұмыс істегісі келетін компаниялар бұған келіспей отыр, өйткені бірден АҚШ санкцияларының астында қалады. Еуропа өз ұстанымы мен тәуелсіздігін танытуға тиіс. Бірақ мұны көріп тұрған жоқпыз, сондықтан Иран ядролық бағдарламасы бойынша жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарын сақтап қалудан үмітіміз қалған жоқ.

Еуропа өз жағына тағылған кінәні негізсіз дейді. Еуроодақ өкілдерінің айтуынша, олар Иран ядролық бағдарламасы бойынша жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарының сақталуына басты көңіл бөліп отыр. Сол себептен, Тегеранды осы келісімнің шарттарын толық түрде орындауға шақырды. 

Бехзад Ахлаги, Еуразия мәселелері бойынша саяси сарапшы:

- Иранның ядролық келісімде қалғанын қаласа, Еуропа бұл бағытта әрекетке көшуі тиіс. Еуроодақ мемлекеттері Иранмен жұмыс істейтін компанияларға қолайлы жағдай жасап, қолдау көрсетуі керек. Тек осындай жағдайда ғана ядролық келісімнің күшін сақтап қалуға болады.  

Иранмен есептесудің жаңа жүйесін Ұлыбритания, Германия мен Франция әзірлеген болатын. Еуропалық компаниялардың басым бөлігінің АҚШ нарығына қатысы болмағандықтан, жаңа механизм Еуроодаққа Иранмен сауда жасауына мүмкіндік беріп отыр. Иран өзіне алған міндеттемелерін орындаса, Брюссель  осы төлем жүйесін сақтауға ниетті.  

Авторлары: Юлия Гнатюк, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы