376,42 420,09 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чехияда «ақылды аялдамалар» қолданысқа берілді

  • 179
  • UPD: 18:24, 14.12.2019

Чехия астанасында елдегі ең алғашқы «ақылды аялдама» пайда болды. Енді көлік күткен жұрт арнайы мониторлардың көмегімен автобустың қайда келе жатқанын бақылайды, телефонын қуаттап, ғаламторға қосыла алады. Тіпті соңғы жаңалықтар мен валюта бағамын да білетін болады. Әзірге ең озық технологиямен жабдықталған аялдама сынақ ретінде жұмыс істеп тұр. Десе де, ол кейбір тұрғындардың көңілінен шықпағанға ұқсайды. 

 Прага аялдамаларын ең озық технологиялармен жабдықтау шешімі өткен жылы қабылданған болатын. Әуелде қала басшылығы онда автобустардың жүру кестесі көрсетілетін монитор мен телефонды қуаттауға жағдай жасауды ойластырған еді. Кейін бұл жоспарға уай-фай және нашар еститіндерге арналған арнайы құрылғы да қосылды.  

Кшиштов Позняк, жолаушы:

- Біз жұмысқа автобуспен қатынаймыз. Мұндай аялдаманың пайда болғаны жақсы ғой. Онда тұрған не бар? Ғаламтор қосылып, мониторлар ғана орнатылған ғой дейтіндер де бар шығар. Бірақ соның өзі адамның өмірін айтарлықтай жеңілдетеді емес пе?

«Ақылды аялдама» орнату жергілікті мэрияның бастамасы. Жобаны жасаған инженерлер оның сапалы әрі қолжетімді болуына күш салды. Дегенмен, бұған қарсы тұрғындар да бар. Мұның сыртында бұл бекер ақша шашу» дейтіндер де табылды.   

Сергей Гейшелев, инженер:

- Прагада автобусты ұзақ күту деген проблема жоқ. Сондықтан мұндай аялдаманың керегі не? Бұл қоғамдық көліктің жүру жиілігі ұзақ қалалар үшін қажет. Мәселен, сағаттап автобус күткен халық іші пыспас үшін жаңалықтар мен валюта бағамын біліп отырады. 

Прага мэриясының мәлімдеуі бойынша бір аялдаманың құны шамамен 50 мың еуродан асады. Қаржы қала қазынасынан алынған. Бұған қосымша қаражат та қажет болып қалуы мүмкін. Өйткені құрастырушылар механикалық пандустар, кофе әзірлейтін машиналар мен автоматты газет дүңгіршіктерін орнатқысы келеді. Жалпы келер жылдың ортасына дейін Прагада осындай 15 «ақылды аялдама» пайда болуы тиіс.

Авторлары: Надежда Дрейгал, Дмитрий Лукша, Вадим Чех

Хабар 24 телеарнасы