411,72 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Батыс елдері жүздеген тонна қоқысын Чехия жеріне төгіп келген

  • 508
  • UPD: 20:52, 17.12.2019

Батыс Еуропаның жүздеген тонна қалдық-қоқысы Чехияға төгіледі. Мұны кеден қызметі анықтады. Кейінгі уақытта сақшылар қоқыс тиеген жүк көліктерінің тым көбейгенін байқаған. Сөйтіп, Германия және Италия компанияларының осындай заңсыз кәсіппен айналысатыныны әшкере болды.

Алғаш рет бұл мәселе өткен жылы көтерілді. 2018-жылы Чехияның кеден қызметі қоқыс тиелген  18 жүк көлігін кері қайтарған болатын. Биыл осындай оқиғалар саны күрт артып, шекарашылар 60 көлікті анықтады. Жергілікті билік бұл мәселеге тосқауыл қою үшін арнайы операция өткізді. 10 күн ішінде жүздеген тонна қалдық тиелген 17 жүк көлігі ұсталды. Құжат бойынша, олар таза пластикті тасымалдаған, ал іс жүзінде бұл кәдімгі қоқыс болып шықты.

Тереза Зушка, қоқыс өңдеу компаниясының менеджері:

- Тоқтатылған жүк көліктерінің көбі Чехияда тонналап қоқыс қалдыруды көздеген. Кейбіреуі елімізді транзит ретінде пайдаланып, Польша мен Болгарияға бара жатқан. Не де болса, өзге мемлекеттерді қоқыс тастайтын орын ретінде пайдалануға болмайды. Бұл көліктерге жүздеген тонна қалдық тиелген. Оларды өртеп жібергеннің өзінде зияны шаш етектен.

Осыны кім ұйымдастырып жүргені әзірше белгісіз. Жергілікті экологтар зиянды жүк тиеген көліктердің барлығы Еуропаның дамыған елдерінен жөнелтілгенін анықтады. Кеденшілердің құрығына көбіне  Германиялық көліктер түсті. Одан кейін бұл тізімде Италия мен Австрия бар. 

Никола Черна, эколог:

- Чехияда жолы болмаған жүргізуші Болгария, Румыния немесе Словенияны бетке алады.

Бірақ бұл туралы ешкім тіс жармай отыр. Осы орайда қалдықтарын алысқа жөнелтетін компания басшылары қатаң жазалануы тиіс деп ойлаймын. 

Әзірше қауіпті жүк иелеріне ешқандай қатер төніп тұрған жоқ. Чехия ешқандай айып салмай, ешбір шектеу қоймаған. Тек қалдықтарды кері қайтарды. Ал бұл қоқыс қазір қай елдің аумағына төгілгені белгісіз. Чехия экологтары кеден кодексін күшейту және елді заңсыз ластау бойынша тергеу жүргізуді талап ететін петицияға қол жинауға кірісті. 

Авторлары: Надежда Дрейгал, Вадим Чех

Хабар 24 телеарнасы