443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украиналықтар қай елдерде демалғанды жөн көреді

  • 317
  • UPD: 09:47, 18.12.2019
Украиналықтар қай елдерде демалғанды жөн көреді

Украинадағы жергілікті туристік компания өкілдерінің айтуынша, елдегі демалыс орындары шет мемлекетпен салыстырғанда әлдеқайда қымбат және қызмет түрі әлі де ақсап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сондықтан халықтың 70 пайызы жаңажылдық демалысты Мысыр не Түрік елінде өткізеді.

Украинадағы қысқы демалыс маусымы қыркүйектен басталады. Ерте қам жасап, осы айларда демалысын жоспарлаған адам 15,20 пайыз ақшасын үнемдейді. Украинаның батыс аймағы Карпат таулары, тау шаңғы курорты Буковель, табиғат аясындағы эко демалыс, сан түрлі шипажайларға сұраныс бар, алайда бағасы тым қымбат және тас жолдардың жағдайы мәз емес. Сондықтан Украина туристерінің 70 пайызға жуығы жаңа жылдағы демалысын Түрік және Мысыр еліне жоспарлаған екен.

Светлана Горева, Украина туристік компания қызметкері:

– Тамақтан таңғы ас, Киевтен Ужгородқа дейінгі пойызға билет, шаңғышының киімін жалға алу және үш күнге қонақүй бір адамға шамамен 500 доллар кетеді. Салыстыру үшін айтайын, Египетке 10 түнге бес жұлдызды қонақүй, барып қайту билеті, аста-төк тамақ екі адамға 24 мың гривень, шамамен 1000 доллар. Әрине, мұндай ұсыныстан кейін Украина адамы шет елді таңдайды.

Сондай-ақ Украина азаматтарының сұранысына Швеция, Финляндия жалпы Еуропа еліне саяхат ие. 2017 жылы Украина мен Еуроодақ арасында визасыз келісім жүзеге аса бастаған. Қазір Украина азаматтары осы келісім аясында Еуропаның 26 еліне еркін саяхаттай алады. Ал Украина қонақүйлері қысқы дамалыс кезінде бағаны негізсіз көтереді деп шағымданады, тур компания өкілдері мұны қадағалайтын арнайы орган болса деп ой түйеді олар.

Светлана Горева, Украина туристік компания қызметкері:

– Бізде антимонополиялық комитет болу керек, баға саясаты қызметі мен жұлдызына сай келуі тиіс деп ойлаймын. Украиналықтардың табысын еуропалықтармен салыстыруға болмайды. Ішкі туризм қалай дамысын? Бай-бағландар Швейцария мен Австрияға ұшады, табысы орта адамдар қайтпек?

Жаңа жыл қарсаңында ғана жұмыс жасайтын алаяқ туристік компаниялар саны еселеп артады. Мұндайда турист қарапайым сақтық шараларын сақтаған жөн. Туристік компанияның кем дегенде лицензиясы болуы шарт, туркомпания мен саяхатшы арасындағы келісім шартты да мұқият оқыған жөн. Туроператор нарықта 15-20 жыл жұмыс жасап келсе, тіпті жақсы және интернет желісінен компания жайлы қоғам пікірін оқуды да ұмытпаңыз.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Хабар 24 телеарнасы