376,72 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жаңа есірткінің түрі Чехия билігін алаңдатып отыр

  • 256
  • UPD: 14:36, 18.12.2019

Чехия билігі елде жаңа экстази пайда болғанын айтып, дабыл қағуда, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сарапшылардың мәлімдеуінше, таблеткадағы белсенді заттардың мөлшері жоғары. Сондықтан бірінші қабылдаудың өзі қауіпті болуы мүмкін дейді олар. Әзірге есірткінің бұл түрін артық мөлшерлеудің 10 дерегі жайлы белгілі. Алайда еріктілер шындығында ол санның әлдеқайда жоғары екенін айтады. Жаңа экстазидің бағасы өзгелерден гөрі төмен көрінеді. Сондықтан оны мектеп оқушысы да сатып алуы мүмкін деген күдік басым.

Адамды ақыл-естен айыратын синтетикалық есірткі түрлері көбейіп барады. Тақауда 20 жастағы студент сессияның аяқталуын атап өту үшін Прагаға келген. Сөйтіп клубта көңіл көтеріп жүрген жігіт осындай есірткі тұтынады. Көп ұзамай ауруханаға түсіп, артынша көз жұмды. Дәрігерлердің айтуынша, марқұмның өкпесі мен миы ісіп кеткен. Мамандар есірткінің бұл түрі ағза жасушаларын санаулы уақытта-ақ зақымдайтынын айтып, дабыл қағып отыр. 

Каспер Броницкий, қоғам белсендісі:

– Ресми мәлімет бойынша, есірткіні артық тұтыну салдарынан 10 адам көз жұмған. Марқұмдар - тұрақты жұмысы бар не университетте оқитын 19-25 жас аралығындағы адамдар. Бірақ біздің ойымызша, құрбандар саны одан да көп. Өйткені таблеткалардың бағасы арзан. Оларды үй-күйі жоқ нашақорлар да сатып алуы мүмкін. Ал оларды ешкім жоқтап жатқан жоқ.

Бұл – Мартин Демитра. Нашақор жігіт зиянды заттарға деген тәуелділіктің кесірінен үйінен, отбасы мен жақындарынан айырылған. Қазір көшеде тұрады. Әлі жас болса да есірткінің түр-түрін қолданып үлгерген. Алайда жаңадан пайда болған белгісіз таблеткаларды пайдаланудан қорқатынын жасырмайды.   

Мартин Демитра, жергілікті тұрғын:

– Қала көшелерінде арзан есірткі пайда болып жатады. Оны әдетте ацетон мен тотықтандырғыш заттан жасайды. Бұл есірткі адамды санаулы сағаттарда өлтіруі мүмкін. Алайда нашақорлардың басқа таңдауы жоқ. Сондықтан оны да сатып алады. Мұның бәрі үлкен бизнес қой.

Алдын ала мәлімет бойынша, есірткінің синтетикалық жаңа түрі Прагаға елдің батысындағы Пльзень қаласынан жеткізілетін көрінеді. Осыны ескерген полицейлер Чехия астанасы мен елдегі өзге де ірі шаһарлардағы түнгі клубтардың барлығын қатаң бақылауға алған. Криминалистер де тыйым салынған затты жеткізуге қатысы бар делдалдардың ізіне түскен. Алайда әзірге қолға түскен күдікті жоқ.  

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Надежда Дрейгал, Дмитрий Лукша және Вадим Чех

Хабар 24 телеарнасы