425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлем жаңа жылды қарсы алуға қызу дайындалып жатыр

  • 567
  • UPD: 22:02, 20.12.2019

Қыстың басты мерекесіне әлем елдерінде де дайындық қызу жүріп жатыр.

Экономикалық дағдарыстан көз ашпай келе жатқан Венесуэлада Рождествоға дайындық қызу жүріп жатыр. Ел астанасы Каракас орталығы көздің жауын алатын мерекелік иллюминациямен безендірілген. Алайда бұған қуанып жатқан халық жоқ. Өйткені мұнда электр энергиясын жаппай өшіру жағдайлары жиілеп кеткен. Мәселен, елде көлемі бойынша екінші шаһар - МаракАйбо қаласында қыстың ең басты мерекесі қарсаңында халық жарықсыз тас қараңғыда қалған. Жұрт «ақшаны бекер шығындаудан гөрі тозығы жеткен электр желілерін жаңартқан жөн» деп ашынуда.  

Луиза Чавес, жергілікті тұрғын:

- Каракаста осындай түрлі-түсті шамдар жанып, түннің өзі жап-жарық болып тұр. Алайда орталықтан шығып, сәл ғана жүрсеңіз, басқа аудандардың тас қараңғыда отырғанын көресіз. Сондықтан біреу тоңып секіргенде біздің тойып секіргеніміз дұрыс болмас. 

Алайда биліктің бұған айтар өз уәжі бар. Олар «бәрі халықтың көңілін көтеру үшін жасалған» дейді. Оның үстіне «энергия үнемдеуші шамдар орнаттық» деп ақталуда. 

Каролина Цестари, Каракас орталық округі префектурасының басшысы:

- Қыруар шығынға баттық. Ол рас. Алайда президент халықтың жағдайын жасауға барын салуда. Біз біртіндеп электр энергиясын қайта қосып жатырмыз. Әрине жұрттың бәрі мерекені жарықта қарсы алады деуге асықпаймыз. Бірақ өткен жылдан гөрі жағдайымыз біршама жақсырды. Оны да мойындау керек.

Мерекелік иллюминация демекші, Чехия астанасы Прага билігі биыл Рождестволық безендіруге 4 миллион крона, яғни шамамен 175 мың доллар бөлген. Бұл былтырғы шығындардан екі есеге артық. Билік мұны шаһарға ағылған туристер санының артуымен түсіндіріп отыр. 

Рождестволық маусым Бразилияда да қызып тұр. Осы ретте Рио-де-Жанейрода су бетінде қалқып тұратын алып шыршаның шамдары жағылды. Күрделі экономикалық ахуал кесірінен мұнда соңғы бірнеше жыл бойы шырша шамдары жағылмай келген болатын. Сондықтан халықтың қуанышында шек жоқ. 

Раельма Феррейра, жергілікті тұрғын:

- Өте әдемі. Көздің жауын алады. Былтыр шыршаның шамы жағылмағанда, көңіліміз түсіп қалған еді. Биыл бәрі тамаша!

Рио-де-Жанейрода шырша су бетінде қалқып тұрса, Австралияның Сидней қаласында бұл ағаш өртеніп кеткен заттардан құрылған. Ол бұйымдардың барлығы орман өрті шарпыған өңірлерден әкелінген. Идея авторы - Қызыл крест өкілдері. Олар ерекше шыршаны тілсіз жаумен күрес нышанына айналдыруды көздегендерін айтады.   

Анджела, Канададан келген саяхатшы:

- Керемет туынды. Қазір Австралия қиын-қыстау кезеңді бастан кешіріп жатыр. Осыны жергілікті халықтан бөлек өзгелердің де білгені дұрыс. Қиналып жүрген жандарды ұмытпауымыз керек. Рождествоның басты мәні осы емес пе. 

Көбі «Австралияда мұндай шыршаның орнатылуы игі шара» деп жатыр. Өйткені ағаштың астында Кью-Ар коды бар қораптар қойылған. Сөйтіп кез келген адам қайырымдылық қорына ақша аударып, өрттен жапа шеккен австралиялықтарға жәрдемдесе алады.

Хабар 24 телеарнасы