427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия Сириядан ағылған босқын нөпірінен тығырыққа тірелді

  • 527
  • UPD: 20:52, 23.12.2019

 

Сирияның Идлиб провинциясында жағдай ушығып тұр. Аймақта қаза тапқандардың саны күн сайын көбейіп барады. Таяу Шығыстағы меншікті тілшіміздің хабарлауынша, бір апта ішінде 1800 адам мерт болды. Құтқарушылар бомба түсіп, қираған ғимараттардың астынан адамдарды шығарумен әлек. Сирияның үкімет әскері мен аймақтағы террорлық ұйымдар арасындағы ұрыстан Идлибтегі 20 елді мекен лаңкестердің бақылауынан босатылды. Алайда бұл шабуылдардан бейбіт халық зардап шегіп отыр.

Абу Мухаммед, жергілікті тұрғын:

- Осы жерде сауда жасап жүргенбіз. Ойда жоқта зымырандар атыла бастады. Қаншама бейбіт халық ауыр жарақат алды. Олардың арасында балам да бар. Әлі де үйінділер астында қанша адам жатыр. Біздің жазығымыз не? Баспанамыздан айырылдық. Ендігі күніміз не болмақ? 

Аймақтағы атыс-шабыстан үрейленген босқындар жаппай Түркияға ағыла бастады. Ресми Анкара осыған алаңдаулы. Реджеп Тайип Ердоғанның айтуынша, соңғы бірер аптада Идлибтен шекараға 80 мыңға жуық адам келген. Түркия басшысы Сириядан келген осы босқындардың барлығын бағып-қағуға шамасы жетпейтінін ескертіп, оларды қабылдаудан қашқақтап отыр. Себебі бір Түркия емес, бұл нәубетке барлық мемлекеттер көмек қолын созуы тиіс. Осы мәселені шешудің жолын қарастыру үшін ресми Анкара Ресейге арнайы делегация аттандырды. 

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті: 

- 80 мыңнан астам адам шекарадан өте алмай отыр. Идлибке шабуыл тоқтамаса, босқындардың саны еселенетін болады. Ондай жағдайда жалғыз Түркия мигранттарға ие бола алмайды. Бұл жауапкершілік Еуропа елдеріне де артылатын болады. Әсіресе Грекияға оңай түспейді. Ресей тарапы атысты тоқтату керек. Осы мәселені талқылау үшін арнайы делегация Мәскеуге аттанды. Келіссөздер нәтижесі белгілі болғаннан кейін алдағы әрекетіміз белгілі болады. 

Таяуда ғана мыңдаған адам Түркия мен Сирия шекарасында ереуілге шықты. Ашулы халық аймақтағы гуманитарлық дағдарысқа жергілікті билікті айыптап, Түркия аумағына өтуді талап етті. Жиналғандарды тарату үшін «Хайат Тахрир аш-Шам» лаңкестік ұйымының жасақтары көз жасаурататын газ қолданып, ескерту ретінде бірнеше рет оқ атқан.

Жалпы қазір Түркияда 4 миллионға жуық босқын бар. Олардың алды бұл елде 8 жылдан бері жүр.  Бұл туралы Түрксой ұйымы бас хатшысының бұрынғы орынбасары Фырат Пурташ хабарлады.

Фырат Пурташ, Түрксой ұйымы бас хатшысының бұрынғы орынбасары: 

- Түркия гуманитарлық жәрдем беру бойынша әлемде көш бастап тұр. Бүгінде Еуроодақтың берген уәделерін орындамауы және Ресейдің Идлибке қатысты саясаты Мемлекет басшысы Режеп Тайып Ердоғанның бұдан былай босқындарды қабылдамайтындығы жөнінде шешім қабылдауына алып келді. Әсіресе, Шам билігінің шабуылдары да  бұлжағдайға түрткі болды. 

БҰҰ Сириядағы жағдайға алаңдағанмен гуманитарлық көмек көрсетуге әлі де асығар емес. Тақауда қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысында ұйымға мүше елдер Ресейдің Сирия бойынша трансшекаралық гуманитарлық көмек жөнінде әзірлеген резолюция жобасын мақұлдаған жоқ. Құжатты дауысқа салғанда 5 мемлекет келіссе, алтауы қарсы шықты. Ал төртеуі қалыс қалды.

Келли Крафт, АҚШ-тың БҰҰ тұрақты өкілі: 

- Дауыс беру нәтижесінде аталған резолюция жеткілікті дауыс жинай алмады. Құжатты 5 ел қолдаса, басым көпшілігі қарсы шықты. Осылайша резолюция жобасы мақұлданбады. 

Десе де, Германия, Бельгия мен Кувейт аймаққа гуманитарлық көмекті тағы бір жылға созу мақсатында өздері дайындаған резолюция жобасын ұсынды. Олардың айтуынша, Идлибтегі 3 млн-ға жуық адамға көмек көрсетілмесе, соңы үлкен қасіретке әкеліп соғуы мүмкін. Сөйтіп аш-жалаңаш, жарасын таңа алмай, ашқұрсақ далада түнеп жатқан халыққа саясаттан қайыр болмай тұр.

Хабар 24 телеарнасы