426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украина азаматтарының 85% жалақысына көңілдері толмайды

  • 463
  • UPD: 11:10, 24.12.2019

Польшаға жұмысқа ағылған украиналықтардың саны артып келеді.

Оған визалық тәртіптің алынып тасталуы себеп. Оның үстіне украиналықтарды көрші елдегі жоғары жалақы қызықтырады. Алайда бұған поляктар наразы. Өйткені олар кірмелердің кесірінен өз отанында екі қолға бір күрек таппай, Еуроодақтың өзге мемлекеттеріне сабылуға мәжбүрміз дейді.

Соңғы мәлімет бойынша, Польшадағы украиналықтардың саны 2 миллионнан асады. Әлеуметтік сауалнама нәтижесі көрсеткендей, Украина азаматтарының 85 проценті жалақысына көңілдері толмайды. Сөйтіп, Еуроодақ елдерінен жұмыс іздегендер саны артуда. Ал одаққа мүше мемлекеттердің ең жақыны – Польша. Мұнда украиналықтарға ең қысқа уақытқа жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Оның үстіне көрші елде табатын жалақысы өз отанындағыдан кемі 5 есе көп көрінеді.

Павел Семенов, экономист:

– Украина азаматтары Польшада көбірек ақша таба алады. Сонымен қоса екі елдің мәдениеті ұқсас. Олар неліктен Еуроодақтың өзге мемлекетін, мәселен Германияны таңдамайды дейсіздер ме? Өйткені онда барып, жұмыс істеу үшін неміс тілін білу керек.

Украинадан Польшаға келген еңбек мигранттарының саны әсіресе соңғы 5 жылда артқан. Бұл Донбастағы шиеленістің басталуымен тұспа-тұс келіп тұр. Одан бөлек, визалық тәртіпті алып тастау жағы тағы бар. Жаңа заң шетелдіктердің жұмысқа орналасуына көп мүмкіндік береді. Ол үшін биометриялық төлқұжат қана қажет. Елге украиналықтар көптеп келіп жатса, поляктар, керісінше, елден кетуге асық. Сондықтан билік шұғыл шаралар қажет екенін айтады.    

Генрик Чарновский, саясаттанушы:

– Польша үкіметі жаңа заңды пысықтап жатыр. Ол шағын және орта кәсіп иелері үшін табыс салығы мен зейнетақы қорына аударатын төлемдерін азайтуды көздейді. Мәселен, қазір орта бизнеспен айналысатын азаматтар зейнетақы қоры мен медициналық сақтандыру үшін ай сайын 1300 злотый төлейді. Ал жаңа заң күшіне енсе, ол көрсеткіш 300 злотый шамасында болуы мүмкін.

Осыған қарамастан, елден кетіп жатқандар азаймай тұр. Жергілікті жұртшылық арасында ең танымал мемлекеттердің қатарында Германия, АҚШ пен Канада бар. 90-жылдардың басынан бері Польшадан 500 мыңға жуық адам қоныс аударған екен. Олардың жартысынан астамы – 25-ке келмеген жастар. Көбі шетелге білім алуға аттанады, кейін сол жақта қалып қояды.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Алексей Родионов, Лукаш Корвин

Хабар 24 телеарнасы