445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иранда несие беру мәдениеті дұрыс жолға қойылған

  • 238
  • UPD: 10:24, 25.12.2019

Иранда несие алу үшін мүлікті кепілге қою міндеттелді. Ал егер банк клиенті қандай да бір себептермен несие қарызын қайтармаса, борышкермен алдымен коллекторлар жұмыс істейді. Ал одан ештеңе өнбеген жағдайда кепілге қойылған мүлік тәркіленеді. Бір қарағанға бұл өте қатаң шара болып көрінуі мүмкін. Бірақ дәл осындай шешімнің арқасында Иранда несие алу мәдениеті дұрыс жолға қойылған.

Иранда несие алу халық арасында кеңінен таралған. Жергілікті жұрт оны көбіне үйлену тойын жасауға, баспана алуға, жеке кәсібін дөңгелетуге немесе жоғарғы оқу орнының ақысын төлеу үшін рәсімдейді. Бұған несиенің өте төмен проценттік мөлшерлемемен берілуі себеп. 

Голямреза Резаи, банктің тұрақты клиенті:

- Иранда ең ірі несиенің бірі  баспана құрылысына беріледі. Ал оны рәсімдеу үшін біршама құжат жинау керек. Яғни, банкке құрылыс жүргізуге берілген рұқсат қағазын, меншік құқығын, неке қию куәлігі мен жеке басты куәландыратын құжаттарды ұсыну қажет. Ал отбасын құрмаған азаматтарға несие рәсімделмейді. Сондықтан алаяқтардың банктерді алдап, арам пиғылдарын іске асыру жағдайлары сирек кездеседі.

Иранда бизнесті кеңейтуге бағытталған несиелер де ерекше қорғауға алынды. Себебі бұған дейін алаяқтардың өзге адамдардың атынан 15 мың долларға дейін несие алған жағдайлары жиі кездесетін. Бұдан былай өз кәсібін енді бастағандар Иранның өнеркәсіп және сауда министрлігінен өз ісін дөңгелетуге міндетті түрде рұқсат алулары қажет. 

Реза Назари, экономист:

- Несие - бұл ел бюджетінің бір бөлігі. Сондықтан несие саясатының қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлінеді. Жалған құжат жасап немесе несиелік картадан ақша ұрламақ болғандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде алаяқтардың жымысқы әрекетіне қатаң тосқауыл. Мәселен, жуырда ғана бір топ азамат банкоматтарға пин-код оқитын арнаулы электронды қондырғыларды орнатпақ болды. Бірақ олардың арамза әрекеті тез арада әшкереленіп, бәрі 15 жылға темір торға қамалды. Бұған қоса мүліктері түгел тәркіленді. Осыдан кейін мұндай әрекетке баратындар саны күрт азайды. 

Мамандардың айтуынша, борышкерлерден несие қарызын өндіруге кепілге салынған мүлік немесе банк шоттары айтарлықтай көмектеседі. Осындай шараның арқасында Иранда соңғы жылдары несие алу мәдениеті 43 процентке артқан. Бүгінде тек әрбір елу үшінші қарыз алушыда төлем мерзімін кешіктірумен байланысты қиындықтар бар.

Авторлары: Юлия Гнатюк, Дмитрий Лукша, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы