432,17 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада кредит бергіш алаяқ компаниялар көбейіп кетті

  • 522
  • UPD: 11:37, 25.12.2019
Украинада кредит бергіш алаяқ компаниялар көбейіп кетті

Украинада онлайн-несие ұйымдардың саны артып келеді. Биылдың өзінде мыңға жуық микрокредит фирмасы тіркелген. 300 мыңға жуық адам осындай ұйымдардың тұрақты клиенті болып табылады. Қаржы саласының бұл секторын мемлекет қадағаламайды, сондықтан алаяқ компаниялар да қаптап кетті. Дегенмен, жаңа жылдан бастап бұл сала реформаға ұшырайды.

«Жылдам несие ал » деген ақпаратты Киев көшелерінен көптеп кездестіруге болады. Қаржы саласының бұл өнімі интернет желісін де жаулап алғаны қай заман. 2017 жылы микрокредит рәсімдейтін қаржы фирмасының саны 650 болған екен, 2019 жылы мұндай компания 958 ге жеткен. Өсім байқалады. Неге? Өйткені, несие жылдам рәсімделеді және 10-15 минутта-ақ беріледі. Желі 24/7 саясатымен сапалы және автоматты түрде жұмыс жасайды. Көп құжат сұралмайды: төлқұжатыңыздың көшірмесі, электрондық пошта, телефон номеріңізді көрсетесіз, кез келген банктен пластикалық картаңыз болса, тіпті жақсы, карта қарыз ақшаны жылдам аудару үшін сұралады. 

Олексей Бебель, заңгер:

- Микрокредитті беруге мүлдем тыйым салатын мемлекетті қолдаймын. Кім не десе де, шағын несиеде шикілік көп. Пайыздық үстеме үлкен, таза ұрлықтың үлгісі. 

Мемлекет қаржы секторының бұл өнімін еш қадағаламайды. Несие берудегі пайыздық үстемені де тексеріп жатқан орган жоқ. Дегенмен, жаңа жылдан бастап Украинада бұл сала түбегейлі реформаға ұшырайды. Себеп – биыл  Жоғары Рада депутаттары «қаржы қызметі нарығындағы мемлекеттік қадағалауды арттыратын» заң жобасын қабылдады. Құжат жаңа жылда күшіне енеді. 

Андрей Блинов, экономика саласының сарапшысы:

- Жиырмасыншы жылдың бірінші шілдесінен бастап, Украина Ұлттық банкі сақтандыру және қаржы институттарын жіті қадағалайтын болады. Сондықтан бүгінде бұл сектор айылын жия бастады. Себеп айқын. Өйткені бұл салада алаяқтар көп. Қаржыңызды қайтаруға міндеттелетін кепілдендірілген қор да жоқ. Депозитіңізді алып-ап, жоқ боп кететін компаниялардың көптігі содан. Ешкім қадағаламайды, сондықтан тәртіп жоқ. 

2020 жылдан бастап, микрокредит ұсынатын қаржы секторына ғана емес несие беретін Украина банктерінің де жұмысына мемлекеттік қадағалау күшеймек дейді мамандар. Атап айтқанда, банк өз сайтында несие шарттарын толық көрсетуі тиіс және ең бастысы, кредитті нақты қанша пайызға бергенін ашық жазуға міндеттеледі. Бұл дегеніміз, жасырын алымдар азайып, адамдардың алданып қалмауына барынша жағдай жасалуы тиіс деген сөз.  

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Хабар 24 телеарнасы