445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чехияда Жаңа жыл түні отшашудың орнына лазерлік шоу ұйымдастырылады

  • 224
  • UPD: 12:46, 26.12.2019

Биыл Прагада жаңа жылдық отшашу болмайды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Оның орнына лазерлік шоу ұйымдастырылады. Шаһар басшылығы мұның заманауи бастама екенін айтуда. Экологтар да оны қолдап отыр. Ал тұрғындар шоу қызықсыз болуы мүмкін деп алаңдайды.

Жаңа жыл түні Прагадағы отшашуды тамашалау жергілікті тұрғындармен қатар туристер арасында да дәстүрге айналған. Алайда биыл тамызда қала басшылығы оны бейнемаппингпен, яғни лазерлік шоумен алмастыруды ұсынған. Сөйтіп мэрия дизайнерлер арасында байқау жариялайды. Бұған дейін билік отшашуға орта есеппен 75 мың доллар жарататын. Ал бейнемаппинге одан көп ақша, шамамен 90 мың доллар жұмсалады. Алайда шаһар басшылығы шығындардың орынды екенін айтады. Отшашудың қаупі басым әрі қоршаған ортаға зиян. Ал 3D шоу экологиялық жағынан ғана емес, қауіпсіздік жағынан да тиімді дейді билік.

Полина Кравец, эколог:

– Меніңше, бұл бастаманың пайдасы мол. Мәселен, отшашу қауіпті одан ең аяғы ит-мысықтардың да зәре -құты қашады. Одан бөлек, бөлінетін зиянды заттар тағы бар.

Чех дизайнерлері Еуропадағы ең үздік лазерлік шоу ұйымдастырамыз деп отыр. Проекциялар елдегі ең ірі тарихи ғимарат Ұлттық мұражайдың қабырғаларына түсіріледі. Алайда мұндай жаңашылдық елдің бәрінің бірдей көңілінен шықпағанға ұқсайды. Сондықтан Праганың жүздеген тұрғыны Жаңа жыл түні әдеттегідей отшашу болсын деген талап қойып, халық арасында қол жинаған.

Петер Крушец, қоғам белсендісі:

– Прагада отшашу да, лазерлік шоу да ұйымдастырылса, жақсы болар еді. Отшашу – кез келген елде мерекені атап өтудің міндетті атрибуты. Одан қалай бас тартуға болады? Кейбіреулер шуына шағымданып жатады. Алайда 10 минутқа шыдауға болады деп ойлаймын.

Тұрғындардың шағымынан кейін Прага билігі оларға өз беттерінше салют атуға рұқсат еткен. Бастысы, бәрін полиция қадағалайды. Бұл ретте белсенділер қажетті соманы жинап та қойыпты. Бастысы, бұл шара қаланың негізгі орталық бөлігінен қашықтау жерде ұйымдастырылмақ.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Надежда Дрейгал, Дмитрий Лукша и Вадим Чех

Хабар 24 телеарнасы