448,38 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Гонконгтің экономикасы әлсірей бастады

  • 283
  • UPD: 21:46, 26.12.2019

Гонконгтағы толқулар бірнеше айдан бері жалғасып келеді. Осы жолы наразылар қайта бас көтерді. Жергілікті билік пен бейбіт халық Рождество мерекесін ойдағыдай атап өте алмағанына ашулы. Мұнымен қоса кәсіпкерлердің жұмысы да тұралап қалды. Аймақта сауда-саттық жүрмей, орталықтардағы дүкендердің біразы қирап қалған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, демонстранттар мерекені тойлау үшін жиналған бейбіт халықпен араласып кеткен. Сол себепті наразыларды тарату қиынға соқты.

Блиц

- Биылғы Рождество сұмдық болды. Мұндайды күтпеп едім. Халыққа қиындық тудырмай тыныш өткізсе болар еді ғой. Болса да бұл әрекеттерімен мәселені шешкен жоқ. Керісінше әскерилер қолға түскендердің барлығын таяқтың астына алды. 

- Тәртіп сақшылары көз жасаурататын газ қолдануды қашан тоқтатады ? Халықтың одан сайын ашуын келтіріп тұр. Наразылық акцияны доғармай-ақ, бейбіт түрде жалғастыруға болар еді. 

Ереуіл кезінде бірнеше адам қамауға алынды. Жарақат алғандар да жетерлік. Өрекпіген жұртты тарқату үшін полиция көз жасаурататын газ қолданды. Ал тұрғындар оларға тас пен Молотов коктейльдерін жаудырған. Ашулы халық шаһар көшелерін жауып, көлік қозғалысына кедергі жасады. 

Кей, ереуілдеуші:

- Бұл акцияның жалғасуы дұрыс деп ойлаймын. Ереуілшілер бәрін қиратамыз деп шыққан жоқ. Алайда Рождество кезіндегі Экономикалық өсімді қолдамайды. Мерекені тойлаудың қажеті жоқ. Онсыз да жетісіп отырған жоқпыз. 

Мэри, ереуілдеуші: 

- Әділетсіз жазаланып абақтыда отырған отандастарымыз бар. Соны біле тұра қалайша көңіл көтеріп, мерекені шаттықпен қарсы аламыз. Жұрттың бәрі не үшін күресіп жатқанымызды білу керек. 

Гонконкте демонстранттардың жағдайын ойлағандар да табылды. Тіпті аймақта арнайы  қоғамдық тамақтану орындары ашылды. Бұндай жомарттыққа барған ұйымдастырушылар  жүздеген адамға түрлі ас әзірлеп, тегін таратты. «Рождестволық фуршет» деп аталатын шара телеграм арқылы хабарланған.

Айта кетейік, аймақта ереуілдердің басталғанына жарты жылдың жүзі болды. Халық айтқанынан әлі де қайтпай отыр. Бастапқыда жұрт биліктен экстрадиция туралы заң жобасын түбегейлі алып тастауды сұраса, қазір наразылардың талабы өскеен. Жаппай толқулардың кесірінен жергілікті экономика да зор шығынға батып отыр. Бүгінде Гонконг қонақүйлерінде бағалар арзандағанмен, ондағы бөлмелер бос тұр. Соңғы кездері бұл бизнес саласының табысы 70 пайызға қысқарып қалған. Аймаққа туристер де жоламай қойды. Енді қарызға батқан кәсіпкерлер мемлекеттік субсидияға үміт артып отыр.

Хабар 24 телеарнасы