379,75 415,08 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Табиғи апаттардың жиілеуіне не себеп

  • 335
  • UPD: 08:15, 08.01.2020

Әлемнің түкпір-түкпірінде табиғат тосын мінез танытуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір өңірлерді су басып, ақ ұлпаның астында қалып жатса, енді бір елдерде орман өрті өрши түсті. Соңғы уақытта ауа райы қолайсыздығы Грекия, Израиль, Австралия және Пуэрто-Рикода тіркелген. Экологтар табиғи апаттардың жиілеуі климаттың өзгеруінен дейді.

Австралияда орман өртімен күрес жалғасып жатыр. Қызыл жалын осыдан бірнеше ай бұрын тұтанған. Бүгінге дейін жүзден астам өрт ошағы тіркелді. Себеп – ауа райының шамадан тыс ысып кетуі. Австралияда қазір жаз. Оған құрғақ желді қосыңыз. 19 желтоқсан күні билік өкілдері елде төтенше жағдай режимін енгізді. Бірнеше күн бұрын тұрғындарды жаппай эвакуациялау басталды. 

Алдын ала ақпарлар бойынша қызыл жалын жүзден астам тұрғын-үй мен бес миллион гектар жасыл желектің күлін көкке ұшырған. Бұл Амазониядағы орман өртінен бес есе, Калифорниядағыдан үш есе ауқымды деген сөз. Тілсіз жаудан жарты миллионнан астам жануар қырылды. Оның қатарында коала мен кенгурулар бар.  

Джон Стэнтон, жергілікті тұрғын:

– Мен осы ауданда туылдым. Бүгінге дейін мекенжайымды өзгерткен емеспін. Енді көшуге мәжбүрмін. Себебі қызыл жалыннан үйім өртеніп кетті. Менің ағамның шаруа қожалығы үш мың қойымен бірге күлге айналды.

Австралияда орман өрті басталғалы бері 25 адам көз жұмған. Тағы ондаған адам іс-түзсіз жоғалғандардың қатарында. Құтқарушылар әзірге қандай-да бір ақпар таратудан бас тартып отыр. Ал метеорологтардың болжамынша, ауа райы жақын күндері жақсара қоймайды.

Шейн Фицсиммонс, өрт сөндіру қызметінің комиссары:

– Бұл өрттің ең ауқымды маусымы болып отыр. Құрғақшылық пен қатты жел салдарынан осындай апат орын алды. Тілсіз жау тез тарауда. Оны ауыздықтау үшін қолдан келгенін істеп жатырмыз. 

Бүгінде австралиялық өрттің қою түтіні мұхит асып, Латын Америка елдеріне жеткен. Чили мен Аргентина аспаны көк түтіннен көрінер емес.

Бұл арада Оңтүстік Африка Республикасында тарихтағы ең сорақы қуаңшылық тіркелді. Бұл өңірге ақ жауын түспегелі қашан. Аптап ыстықтың бет қайтар түрі жоқ. Ұлттық саябақта жүзден астам жануарлар қырылып қалды. Миллиондаған адам аштықтан ажал құшуы мүмкін.

Туру Лодж, саябақ менеджері:

– Соңғы алты-жеті жылда өңірге жауын өте сирек жауды. Мына құрғақшылық аяқталады деп сенеміз. 2019 жыл біз үшін ең ыстық әрі қуаңшылық жылы болды. Дегенмен тарихқа қарасақ, өңірде ауа райы күрт өзгеріп отырған. Қазан айында суық сүйектен өтсе, қазір аптап ыстықтан дем ала алмай отырмыз.

Израильде – су тасқыны. Салдарынан 6 адам қаза тапты. Айта кетейік, өткен демалыс күндері Тель-Авивте жауынның екі айлық нормасы түскен. Табиғи апаттан келген шығын енді ғана есептеліп жатыр. Десе де, тұрғындардың билікке қояр сұрағы жетерлік. Мәселен, жауынға арналған кәріз жүйесі мен құтқарушылардың жұмысына халық наразы.

Синоптиктердің болжамы да көңіл көншітпейді. Израильде жақын күндері жауын аралас дауыл қайта басталады.

Индонезиялық мамандардың да болжамы осыған саяды. Мұнда су тасқынынан 60 адам қаза тапқан. 170 мыңнан астам тұрғын болса баспанасыз қалған. Елді мекендер мен жолдар су астында. Құтқарушылар шалғай ауылдарға азық-түлік пен дәрі-дәрмекті тікұшақ арқылы жеткізіп әлек.

Пуэрто-Риконың оңтүстік жағалауында жойқын жер сілкінісі болды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Дегенмен бірнеше тұрғын-үй қирап қалған. Ағаштар құлап, электр сымдарына зақым келген. 

БЛИЦ:

– Жер сілкінісінен қатты қорықтым. Алдымен ата-анам мен бауырларымды іздеуге шықтым.

– Үй құлай бастағанда ұйықтап жатқанмын. Оянып кетіп, алдын ала дайындап қойған сөмкемді алдым да терезеден секіріп шықтым. Сұмдық болды. Ешкімнің басына салмасын. 

Жалпы 2019 жылы «төтенше климаттық жағдай» сөз тіркесі Оксфорд сөздігінде ең жиі қолданылған сөз болып таңдалынды. Жаһандық жылыну сөзі де өткен жылмен салыстырғанда қолданысқа 100 мәрте көп түскен. Экобелсенділердің айтуынша, климаттың өзгеруіне адами фактор әсер етіп отыр. Себебі өндірістің қарқынды дамуы, жаһандық жылынуға әкеледі.

Хабар 24 телеарнасы