443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Трамп әлем басшыларының рейтингінде соңғы тұр

  • 346
  • UPD: 21:07, 09.01.2020

АҚШ президентінің қадірі қаша бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дональд Трамптың саясатын қолдамайтындар сыртта да, ел ішінде де жетіп артылады. Бірер күн бұрын жүргізілген ұлттық сауалнама нәтижелері соны көрсетті. Өткен айда көрсеткіш өзгеше еді. Ол кезде әлеуметтік сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі Дональд Трампқа импичмент жариялау туралы бастамаға қарсы болған. Сонымен Трамптың қолдаушылары неге азайды? АҚШ президенті қай тұста осалдық көрсетті?

Трампқа қарсылар қатарында жергілікті тұрғындар да, билік өкілдері де, атап айтқанда Демократиялық партия өкілдері бар.

Ақ үй басшысы жақтастарының азаюына соңғы оқиғалардың әсер еткені анық. Әңгіме 3 қаңтарда оның бұйрығымен ирандық генерал Касем Сүлейманиге жасалған шабуыл жайлы болып отыр. Конгрестегілердің айтуынша, Ақ үй бұл істі талқыламай, соққы жасау шешімін өз бетінше қабылдаған. Сондықтан Конгресс Трамптың Иранға қатысты әскери өкілеттігін шектемек. Енді алдағы сағаттарда тиісті резолюция қаралуы тиіс.

Нэнси Пелоси, АҚШ конгресі өкілдер палатасының спикері:

– АҚШ-тың Өкілдер палатасы әскери өкілеттік туралы резолюцияны алға тартатын болады. Біз осылайша Америка халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өз міндетімізді орындауға тиіспіз. Өйткені Президент әкімшілігінің әрі қарай әрекет ету бойынша нақты стратегиясы жоқ. Бұл Конгресс өкілдерінің алаңдаушылығын туғызып отыр.

Сарапшылардың топшылауынша, Конгресс өкілдерінің резолюцияны мақұлдауы әбден мүмкін. Өйткені онда басымдық – демократтарда. Алайда құжатты одан әрі Сенат қарайды. Ал ондағылардың көбі Трамптың жақтастары - республикашылдар. Сондықтан Президенттің әскери өкілеттігін шектеу үшін заң қабылдау жағы да қарастылып жатыр. Құжат Ақ үй басшысына әскери іс-қимылдарға бюджет қаржысын жұмсауға тыйым салады. Тиісті заң жобасын демократ Ро Кханна ұсынған. Жалпы сауалнама нәтижелері көрсеткендей, өткен айдан бері Трампты қолдамайтын демокарттар саны артқан. Орта есеппен, Демократиялық партияның 10 мүшесінің тоғызы Ақ үй басшысының саясатын құптамайды. Ал республикашылдар арасында бұл көрсеткіш өзгеріссіз. Яғни бұрынғыдай Республикалық партияның 10 өкілінің тек біреуі ғана Трампты қолдамайтын болып отыр.

Том Коттон, Арканзас штатының сенаторы:

– Мен бұрын да осы жайлы атқан едім. Иран соғыс бастағысы келсе, АҚШ оны тоқтата алады. Енді міне, айтқаным айдай келді. Касем Сүлеймани Ирандағы лаңкестердің басшысы болды. Мыңдаған америкалықтың өлімі үшін жауапты болды. Сондықтан лайықты жазасын алды. Шабуылдың арқасында Америкада да, бүкіл әлемде де қауіпсіздік орнады.

Жалпы ұлттық сауалнама нәтижелері көрсеткендей, бүгінде ересек америкалықтардың 53 проценті Дональд Трамптың Иранға қатысты ұстамнымын қолдамайтын болып шықты. Бұл өткен аймен салыстырғанда, 9 процентке көп. Қазір халық АҚШ-тың ірі қалаларында ереуілдерге шығып жатыр. Ұйымдастырушылар наразылық акциялары бейбіт өтетінін айтуда. Америкалықтардан бөлек, Трамптың қызметін Батыс Еуропа елдерінің тұрғындары да қолдамайды екен. Бұл сауалнамаға 33 мемлекетте 37 мың адам қатысқан. Сөйтіп әлем басшыларының рейтингінде ең төменгі орында Трамп тұр.

Хабар 24 телеарнасы