420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ирандағы ұшақтың құлау сәті түсірілген роликті Лондонда тұратын біреу интернетке салған

  • 915
  • UPD: 21:03, 10.01.2020

Иран аумағына құлаған украиналық ұшақтың апатына не себеп? Қазір бұл сауал бір емес, бірнеше елді толғандырып отыр. Апаттан кейін «қозғалтқыш өртенді» деген болжам айтылған. «Әуе кемесін Иран қарулы күштері абайсызда атып түсірді» дегендер де бар. Кімнің уәжі қандай?

Жалпы ұшақтың апатқа ұшыраған сәтінің бейнежазбаға түсіп қалуы өте сирек кездесетін жағдай. Бірақ Тегеран түбіндегі оқыс жағдайды түсіріп алған адам бар. Бірақ көпшілік автордың не таңғалмағанынан, не қорықпағанынан күдіктенеді. Ал бейнежазбаны нақты кімнің түсіргені беймәлім. Алайда оны Лондонда тұратын ирандық Нариман Гарибтың алғаш болып ғаламторда жария еткені белгілі болды. Ал осы апатта 63 азаматынан айырылған Канада билігі ұшақ зымыранмен атып түсірілгенін көрсететін барлау мәліметтері бар екенін жария етті. Австралия премьері де осыған ұқсас ақпар алғанын айтады.

Скотт Моррисон, Австралия премьер-министрі:

- Бізде бар ақпарат Канада мен АҚШ өкілдері айтқан барлау мәліметтеріне ұқсас. Бұл сұмдық, жантүршігерлік оқиғаны жіті тергеу қажет. Біз қажетті көмектің бәрін көрсетеміз.   

АҚШ-тың барлау қызметі де ұшақ атып түсірілген деген қорытындыға келді. Алайда ондағылар «бір емес, екі ирандық зымыран қолданылған» дейді. «Си-Эн-Эн» хабарлауынша, Ислам республикасының қарулы күштеріне тиесілі радар ұшақты потенциалды нысана ретінде тіркесе керек. Сөйтіп американдықтар «Иран жағы лайнерді абайсызда атып түсірген болуы мүмкін» дейді. Бұл нұсқаны Украина билігі де жоққа шығармайды.  

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Бұқаралық ақпарат құралдарында әлем басшыларының жасаған соңғы мәлімдемелерін ескере отырып, барлық халықаралық серіктестерімізден, соның ішінде АҚШ, Канада мен Ұлыбритания өкілдерінен әуе апатына қатысты мәліметтер мен айғақтарды тергеу бойынша комиссияның қарауына беруін сұраймыз. Украиналық мамандарға объективті тергеу жүргізуге қажетті барлық ақпарат беріліп, бар жағдай жасалады деген үміттеміз. 

Алдын ала мәлімет ұшақтың құлағаннан кейін емес, көкте қалықтап жүргенде отқа оранғанын көрсетеді. Ұшқыштардан ақау туралы хабар түспеген. Апатқа ұшыраған ұшақ иесі украиналық әуе компаниясының өкілдері осылай дейді.    

Игорь Сосновский, «Международные линии Украины» әуе компаниясының вице-президенті: 

- Ұшақ 2,4 мың метр биіктікке көтерілген. Бұл жағдайда экипаждың қателік жасау мүмкіндігі аз. Оның үстіне ұшақта тәжірибесі мол экипаж мүшелері отырған. Олар арнайы Тегеран әуежайына ұшып-қонуға дағдыланған. Әуе кемесі де жаңа. 2016 жылы шығарылған. Көкке көтерілмей тұрып, тексеруден өткен. Шағым болмаған. Ұшқыштың қателігі не ұшақтың техникалық істен шығу әуе кемесінің жерден көтерілген сәтінде не тура қонардың алдында болады. 

Юрий Антипов, авиация саласының сарапшысы:

"Бейнежазбадан көріп тұрғанымыздай, ұшақ жерге 30 градустан көп шамада құлдилаған. Яғни сол сәтте әуе кемесін басқару мүмкін болмаған. Егер қозғалтқыш өртенсе, ондай траектория болмас еді. Немесе ұшқыштар кабинасында  өрт шыққан дер едім. Сондықтан олар ұшақты басқара алмаса керек. Бірақ қозғалтқыш өртенсе, әуе кемесі бұлай құлдиламайтын еді. 

Десе де Иран азаматтық авиация басқармасының басшысы лайнерді Иран күштері байқаусызда атып түсірді деген болжамды жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша, ұшақ әуежайдан көтерілген соң 5 минуттай ұшқан. Ал апат техникалық ақаудан болған. Оған экипаждың ұшақты әуежайға кері бұруға талпынғаны дәлел дегенді айтады. Мұны Иранның өзге де мамандары қостайды. 

Хушанг Шахбази, Иранның бұрынғы ұшқышы:

- Егер бұл ұшақ Иран зымыранымен атып түсірілді деген болжамды ұстанатын болсақ, онда лайнер оған тиген бомбадан жарылып, көкте быт-шыт болып шашылу керек еді. Мұндай жағдайда оның қалдықтары бірнеше шақырымға шашылып кетуі тиіс. Ал әуе көлігінің бөлшектері шашырамағанын ескерсек, ол ақаудан өртеніп барып құлаған деп айтуға болады. 

Соңғы мәлімет бойынша Иран бүгін Мехрабад әуежайынының зертханасында апатқа ұшыраған лайнердің «қара жәшіктерінің» деректерін оқуға кірісуі тіис. Бұған 1-2 ай уақыт керек. Бұл тарапта Иран билігі деректерді оқумен өздері айналысуды қалайтындарын айтты. Бірақ қажет болса, мәліметтерді Украина, Канада, Франция мен Ресейге жіберуге әзір екендерін жеткізді.

Хабар 24 телеарнасы