420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Брюссельде ғаламдық деңгейдегі автокөрме ашылды

  • 443
  • UPD: 20:36, 12.01.2020

Жыл сайын өтіп тұратын шараға биыл 10 шақты еуропалық, 100-ге тарта бельгиялық және әлемнің өзге де 18 елінен көздің жауын алар көліктер әкелінген.

Арасында жаңа үлгідегілері де бар. Атап өтейік, бұл жолы электрлі темір тұлпарларға басымдық берілген.

Брюссельдік әйгілі автосалон әлемдік автокөрмені ашты. Әсіресе еуропалық темір тұлпарлардың қарасы қалың. Көрмеде ірі автоконцерндердің көліктері қойылған. Тамашалап жүрген жұртшылық та аз емес. Тұтынушыларға мұнда көліктер жеңілдікпен әрі қосымша құн салығынсыз сатылады. Бірақ бастапқы және соңғы бағаның арасындағы айырмашылық 30 процентке дейін жетеді. 

Жан-Марк Понтевилль, ірі автокомпанияның өкілі:

– Биыл біз еуропалықтарға электрлі көліктерді де көрсетуді жөн санадық. Сондықтан қуатпен жүретін темір тұлпарларды алып келдік. Күннен энергия алатын көліктеріміз де бар. Осының бәрін халыққа жеткізуіміз керек. Себебі келешекте осыған өтеміз деген ойдамыз. Мұндай техникалардың болашағы бар. Әзірге Бельгияда мыңдаған электрлі көлік бар. Алдағы уақытта мұндай темір тұлпарларға деген қаржылық қолдаудың аясын кеңейтіп, жеңілдіктерді көбейтеміз.

Электрлі көліктерді автокомпаниялардың барлығы дерлік алып келген. Сатып алушыларды бұларды қалай қуаттаймыз деген мәселе көп алаңдатты. Компания өкілдерінің айтуынша, Еуропаның қалалары мен жолдарында электрлі темір тұлпарларды қуаттау үшін алдағы уақытта барлық жерлерде инфрақұрылымдар дамыту өзекті.

Жан-Марк Понтевилль, ірі автокомпанияның өкілі:

– Бізге қуаттайтын станциялар қажет. Олардың тапшылығы – қазіргі таңда нөмірі бірінші проблема. Үлкен станцияларды үйдің қасына орнату мүмкін емес. Сондықтан көшелерге қою керек. Оның үстіне қазір электрлі көліктердің бағасы да қымбаттау. Бірақ біз мұндай көліктердің барлық адамдарға қолжетімді болуы үшін жұмыс жасап жатырмыз.

Электрлі көліктердің санын көбейту үшін жанармаймен жүретін темір тұлпарлардың қатарын азайту қажет. Мұны автокөлік шығарумен айналысатын мамандар айтып отыр. Бұдан бөлек алдағы уақытта электрлі көліктерге деген инвестициялардың ағынын арттыру ләзім. Сарапшылардың пайымынша, алдағы 5-10 жылда еуропалықтар қуатпен жүретін көліктерге толықтай өтуі мүмкін.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы