423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Австралиядағы орман өртімен күресуге АҚШ-тан тағы 140 волонтер жіберілмек

  • 1152
  • UPD: 15:27, 13.01.2020

Австралияда қыркүйек айында басталған орман өрті әлі лаулап жатыр.

Қызыл жалынды өшіруге жүздеген волонтер атсалысуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың арасында шетелдіктер көп. Жуық арада тілсіз жаумен күресуге АҚШ-тан тағы 140 волонтер келеді деп күтіліп отыр. Алайда, ауа райының қолайсыздығынан өрт ошақтарын сөндіру әзірге мүмкін болмай тұр. Жалпы қазір Австралияның 8 штатының жетеуін өрт жайлаған. Елдің экожүйесіне орасан зор нұқсан келген. Өрттен 8 миллион гектар жер күлге айналып, жарты миллиард жануар қырылып қалды.

Дэн Дероуин, канадалық волонтер:

- Австралиядағы орман өрті туралы қазан айының басында оқып білдім. Бірнеше айдың ішінде оның күшейіп орасан зор шығын әкеліп жатқанын көріп, көмектескім келді. Содан осы айдың басында билет сатып алып, ұшып келдім.

Австралия билігі орман өртінен жанып кеткен жабайы табиғатты қалпына келтіру үшін 35 миллион долларға жуық қаржы бөлетінін мәлімдеді. Бірақ сарапшылар табиғат апатынан келген шығын бірнеше миллиард долларды құрайтынын айтады. Ал ауа райын болжаушылар алдағы уақытта аптап ыстық қайта басталып, өрт күшейетінін ескертіп отыр.

Хабар 24 телеарнасы