381,10 419,30 5,69

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сулейманидің өліміне қатысты жаңа деректер пайда болды

  • 294
  • UPD: 21:58, 13.01.2020

Таяу Шығыста сұмдық жанжал тудырған Касем Сүлейманидің өліміне қатысты жаңа деректер пайда болды. АҚШ Қорғаныс министрі Марк Эспер тікелей эфирдегі сұхбатында Сүлейманидің лаңкестік әрекеттерге дайындығы туралы ешқандай дәлел жоғын айтты. Еске сала кетейік, үшінші қаңтар күні Ирак аумағында АҚШ Президенті Дональд Трамптың  тапсырысымен Иран революциялық күзет корпусының қолбасшысы, генерал Касем Сүлеймани өлтірілген еді. Ақ Үй басшысы бұл қадамын лаңкестік әрекеттің алдын алу деп түсіндірген болатын. Оның айтуынша, Сүлеймани АҚШ-тың төрт елшілігіне шабуыл жасауға дайындалып жүрген. Бірақ Пентагон басшысы Трамптың бұл сөзін жоққа шығарды.  

Марк Эспер,  АҚШ қорғаныс министрі:

- Президент елшіліктерге шабуыл жасалуы мүмкіндігін айтып, мәлімдеме жасады. Дегенмен, лаңкестік әрекеттің дайындығын растайтын дәлелдер келіп түскен жоқ.  

Ирандық жоғарғы шенді генералдың өлімі арқылы үлкен қауіптің алдын алдық деп сендірген Трамптың сөзіне күмән туды бұл орайда. Ең сорақысы, дәл осы Сүлейманидің өліміне жауап қатпақ болған Иран ертесіне АҚШ әуе базаларына шабуыл жасады. Сөйтіп, абайсызда украиндық жолаушылар ұшағын атып құлатқан. Жантүршігерлік апаттың себебін Иран тарапы ресми түрде мойындады. Зымыран тиген әуе лайнеріндегі 176 жолаушының барлығы мәңгілік сапарға аттанды. Оның қатарында Канада, Украина, Иран, Германия, Ұлыбритания, Швеция, Ауғанстан елдерінің азаматтары болған еді. Енді бұл мемлекеттер Ираннан жауаптыларды жазаға тартып, құрбандардың жақындарына өтемақы беруді талап етіп отыр. 

Джастин Трюдо, Канада премьер-министрі:

- Қазір ешқандай сөз қаза тапқан жолаушылардың жақындары мен туыстарын жұбата алмайды. Дегенмен, Канада сіздермен бірге екенін ұмытпаңыздар. Үкімет әрқашан қолдау көрсетуге дайын. Бұл орайда біз соңына дейін баратынымызды айтқым келеді. Серіктестерімізбен бірігіп, шындықты анықтап, әділдікті орнатамыз. Жауаптылар жазаланады.  

Иранда Руханидің мәлімдемесінен соң бірден жаппай ереуілдер басталды. Соңғы ақпар бойынша көшеге 3 мыңнан астам адам шыққан. Олардың басым бөлігі студенттер. Наразы жұрт «Боинг» ұшағының атып түсірілгеніне үкіметті кінәлап отыр. Ереуілшілер мен тәртіп сақшылары арасында қақтығыстар болып, көз жасаурататын газ қолданылған фактілер тіркелді. Бұл ереуілдерге қатысқаны үшін Иран билігі елдегі Ұлыбританияның елшісі Роб Макэрді тұтқынға алғанын айта кетейік. Бірақ 15 минуттан соң босатыпты. Ізінше бірнеше ондаған халық елшілік ғимаратының маңына жиналып, Ұлыбритания елшісінің елден кетуін талап етті. Неге десеңіздер, наразы халықты тыңдайық. 

БЛИЦ:

- Роб Макэр өткен түні ереуілдерге қатысып, жұрттың ашуына тиді. Дипломат тұлға адамдарды жинап, үкіметке қарсы шығуға үгіттесе керек.

- Ұлыбританиялық елші елден кетсін. Тыңшылар керек емес бізге!  

Байқағаныңыздай Ирандағы жаппай ереуілдердің мақсаты әртүрлі. Тіпті халықтың өзі әбден шатасып біткен сыңайлы. Бірі үкіметке қарсы шығып, ұшақты абайсызда құлатқан үшін Хаменейдің биліктен кетуін талап етіп жатыр. Енді біріне британдық елшінің қылығы жақпай қалған. Қалғаны әуебазаға жасалған шабуылды қолдап, ереуілдетіп жүр. Бұл орайда АҚШ басшысы әдеттегідей отқа май қоюды ұмытпады. Дональд Трамп твиттерге «Иран көшбасшылары үшін. Ереуілшілерге қарсы күш қолдануды қойыңдар. Онсыз да қаншама наразы жұрт темір торда отыр. Әлем бәрін бақылап отыр. Интернетті қосып, елдегі жағдайды таратуға мүмкіндік бер» деді. Серіктесі Израиль болса Трамптың сөзін қостай түсті.  

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

Иран ұшақты өздері атып құлатқанын жасырып қалғысы келді. Олар бастапқыда-ақ апаттың себебін білген. Бүкіл әлемді алдады. Әбігерге салды. Иранның салғырттығы бұл. 

Иранның ішкі де, сыртқы да саясаты шытынап тұр. Халық болса кімге сенерін білмей, көшеде сенделіп жүр. Әлем елдері Иран үкіметіне айып тағып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл елдегі жағдайдың ушығуы саяси мақсатта жоспарланған болуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы