443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанның Тәжікстанмен шекара аймағында тұратын халық биліктен көмек сұрап отыр

  • 349
  • UPD: 09:00, 14.01.2020

Қырғызстандағы Баткен облысының тұрғындары өз аймағына әскери бөлімдерді жіберуді сұрап отыр.

Олардың пікірінше, бұл шара Тәжікстанмен шекарадағы қақтығыстарды тыюға тиіс. Осындай кезекті оқиға 9 қаңтарда болды.  

Баткен облысындағы Кок-Таш ауылының тұрғындары бұл өтінішін ел президенті, премьер-министр және парламент спикеріне жіберді. Тәжікстан азаматтарымен үнемі болып тұратын қақтығыстардан шаршаған олар үкіметтен көмек сұрап отыр. Жанжал болған сайын олар мал-мүлкін тастап, отбасылармен бірге қашуға мәжбүр. Ауыл тұрғындары осындай қорлықтан тек әскер қорғап алады деп санайды.

Жоробай Байзаков, Кок-Таш ауылының тұрғыны:

– Күн сайын шекараның арғы бетінен тас лақтырып, оқ атады. Осының салдарынан тұрмысымыз қиындап, өмірімізге қауіп төніп тұр. Ауыл тұрғындарының зәресі ұшып, тіпті түнгі ұйқысы кеткен. 

9 қаңтарда Тәжікстан азаматтары Баткен қаласынан Кок-Таш ауылына бара жатқан автокөлікке тас жаудырған. Кейін түнгі сағат үште қырғызстандықтың үйіне де осылай жасаған. Ал оқиға орнына жеткен шекарашылар мен милиционерлерге тіпті оқ атқан. Осыған жауап ретінде Кок-Таш тұрғындары Ош-Баткен-Исфана күре жолын бөгеп тастады. 

Саатбек Калметов, Кок-Таш ауылының тұрғыны:

– Шахмат тәртібінде орналасқан елді мекендерді алмастыруды ұсынып отырмыз. Әрине бұл тең дәрежелі алмасу болу қажет, ол үшін қандай жерлер келетінін білеміз. Қырғыздар мен тәжіктердің ауылдары шахмат тәртібімен орналасқандықтан, тұрмыстық жанжалдар қарулы қақтығысқа ұласып жүр. 

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекараның ұзындығы мың шақырымға шамалас. Оның жартысы әлі межеленбеген. Мұндай дау туғызған 70 жер телімі бар. Өткен жылы қақтығыстар саны азайғанмен, мәселе әлі өз шешімін тапқан жоқ.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы