429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шетелдік және қазақстандық туристер Филиппиндегі әуежайдан ұша алмай отыр

  • 862
  • UPD: 21:46, 14.01.2020

Шетелдік және қазақстандық туристер Филиппиндегі әуежайдан әлі де ұша алмай отыр. Себебі елде Таал жанартауы атқылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдымен картерден күл 14 метрге көтерілсе, қазір жанартаудан лава атқылауда. Салдарынан мектептер жабылып, тұрғындарды жаппай эвакуациялау жұмыстары басталды. Бір тұрғын қаза тапты.

Жанартау Маниладағы әуежайға өте жақын орналасқан. Күлдің көкке көтерілуінен қазір түк көрінбейді. Сондықтан әуе рейстері уақытша тоқтатылды.

Лава, жер дүмпуі, лайлы жауын. Филиппин астанасы Таал жанартауынан көтерілген көк күлдің астында қалды. Ізінше өңірде жауын жауып, қаланы лай-батпақ басып қалған. Сейсмологтардың ақпарынша, тағы 72 жер дүмпуі тіркелген. Оның 35-і екі магнитудан аспайды. Салдарынан жергілікті билік тұрғындарды жаппай эвакуациялау жұмыстарын бастады.

Жалпы қауіпті саналатын аймақта бүгінде жарты миллионнан астам адам тұрады екен. Барлығы уақытша, қауіпсіз жерлерге көшіріліп жатыр. Ал, Манилада қандай да бір себептермен қалып қойған халыққа қорғану көзілдірігін киіп, респиратордың көмегімен тыныс алу ұсынылуда.

Блиц 1:

- Сағат күндізгі 16:00 шамасында қатты жарылыстың дауысын естігендей болдық. Шатырға ыстық күл мен тастар жауа бастады. Лава атылып, үйге жетіп қалдыма деген қорқыныш болды алдымен.

Блиц 2:

Көршілеріміз бірден заттарын жинап, қаша бастады. Бізде қатарларына қосылдық. Балаларым үшін алаңдаймын. Асыққаннан көп зат алып үлгермедік.

Ең қызығы, дәл осы қауіпті жанартау орналасқан өңірге туристер мен Манила тұрғындары тарапынан сұраныс жоғары. Тіпті жергілікті халық қауіпсіз жерге көшіп жатқанда шетелдіктер лава атқылау көрінісін тамашалау үшін жақын маңдағы қалаларға қатынап жатыр. Олардың айтуынша, бұл көздің жауын алатын табиғи құбылыс.

Бенни Боренштейн, Израильден келген турист:

- Мен үшін бұл ерекше құбылыс. Себебі біздің елде жанартау жоқ. Сондықтан қызықты көріністі тамашалауға құмартып келдім.

Бұл арада табиғи апаттан жергілікті кәсіпкерлер зардап шегіп отыр. Өйткені тәуекелге баратын туристер саны аз болып шығып, аралдан шетелдіктер жаппай кетуде. Сондай-ақ электр жарығы өшіп, өңір сусыз қалған. Салдарынан дүкен мен ойын-сауық орталықтары жабық. Кәсіпкерлер жанартау атқылауынан келген шығынды есептей бастады.

Генаро Кабрера, кәсіпкер:

Қазір бұл өңірде турист қалмады. Барлық жер жабық тұр. Су жоқ. Жарық жоқ. Мен жылқыларды жалға берумен айналысамын. Ал, қазір барлық жануарларды қауіпсіз жерге көшіруге мәжбүрміз.

Кәсіпкерлер арыз-шағымын айтқып жатқанда, табиғи құбылыс жастар үшін кедергі болмады. Ия, Таал атқылап жатқанда үйлену тойын тойлаған жұптың видеосы әлеуметтік желіге бірден тарап кетті. Дәл неке қию рәсімі кезінде жанартаудан лава шыққан. Фотографтар болса, бұл көріністі фотоға түсіріп үлгеріпті.

Дегенмен, мамандардың болжамы көңіл көншітпейді. Сейсмологтардың ақпарынша, санаулы сағаттарда жанартау жойқын атқылауы мүмкін. Жалпы Таал ауқымына қарамастан ең қауіпті әрі белсенді жанартаудың қатарына жатады. Онда лава шығаратын бір емес, бірнеше картер бар екен. Соңғы 500 жылда жанартау 33 мәрте атқылаған. 1911 жылы табиғи апаттан 1300 тұрғын қаза тауыпты. Ал, бұл уақытта Манила әуежайының жұмысы қайта қалыпқа келіп жатыр. Бұған дейін ұшуға мүлдем тыйым салынса, бүгін аспан ашылды.

Эд Монреаль, Манила халықаралық әуежайының бас директоры:

- Бүгін 360-қа жуық рейсті қабылдап үлгердік. Алдағы уақытта 80 рейсті ұшыруды жоспарлап отырмыз. Әуежайдың жұмысы іске қосылғанымен, рейстер толық жүзеге асып жатқан жоқ. Ұшу-қону жолағын күлден тазалау жұмыстары жалғасып жатыр.

Маниладағы қазақстандық отбасы қазір қауіпсіз жерде екен. Біз олармен телефон арқылы байланысқа шықтық. Әзірге олар елге қарай әлі ұшпаған.

Хабар 24 телеарнасы