379,71 406,00 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайда пайда болған коронавирус мамандардың қатаң бақылауында

  • 351
  • UPD: 09:35, 16.01.2020

Аспан асты елінде бұл дертке шалдыққандардың саны артқан жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда, бұған дейін вирус жұқтырған науқастардың біразы әлі де ауыр халде жатыр. Біреуі көз жұмды. Мамандар індеттің бір адамнан екіншіге жұғуы мүмкін екенін айтқанмен, нақты дәлел келтіре алмай отыр.

Қытайда коронавирустың жаңа түрін жұқтырған 7 науқас ем-домын алып, ауруханадан шықты. Бұл туралы Хубэй провинциясының Ухань қаласындағы денсаулық сақтау комитеті хабарлады. Бұған дейін аталған вирусты 59 адам жұқтырды деген ақпар тарағанымен, коронавирустың жаңа түрі 41 науқаста анықталды.

Ван Гуанфа, Пекин университетінің бірінші ауруханасындағы бас терапевті:

- Қазіргі жағдай мамандардың жіті бақылауында. Емделген науқастардың бір бөлігі үйлеріне оралды. Кейбіреулері әлі де ауыр халде жатыр.

Қытайдың орталық телеарналарының мәліметі бойынша бұл вирус алғаш рет өткен жылдың желтоқсанында тіркелген. Дертке шалдыққандардың басым бөлігі орта және егде жастағы ер адамдар. Бүгінде коронавирустың жаңа түрі Қытайдың өзге өңірлерінде анықталған жоқ. Аурудың адамдарға оңай жұғуы жайында да нақты дәлел келтірілмеген. Алайда, науқастармен қарым-қатынаста болған 500-ге тарта адам әлі де дәрігерлердің бақылауында.

Фэн Цзицзянь, Қытайдағы ауруларды алдын алу мен бақылау орталығы директорының орынбасары:

- Зерттеу нәтижесі бойынша коронавирустың жаңа түрі Ухань қаласындағы өкпе қабынуының белгісіз түрінің пайда болуына әкелді. Ол мүлдем өзгеше. Толық зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін қосымша уақыт қажет. Инфекцияның жергілікті теңіз өнімдері сатылатын сауда орталығынан шыққаны белгілі болды. Ол жер желтоқсанның 13-інен бері жабық. Аймақта тазарту және залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

Теңіз өнімдері сатылатын базардан алынған сынамадан коронавирустың жаңа түрі анықталып отыр. Ал басқа сауда орындарда вирус табылған жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аймақта вирустың таралмауына қатысты қолға алған шараларды жоғары бағалап отыр.

Гауден Галеа, Қытайдағы ДДҰ-ның өкілі:

- Базар жабылғаннан бері вирус жұқтырудың жаңа деректері тіркелген жоқ. Денсаулық сақтау ұйымдары жағдайды бақылауда ұстап отыр. Адамнан адамға жұғу фактілері де болған жоқ. Бұл да жақсы. Дегенмен, зерттеу жұмыстарын әлі де болса жалғастыру қажет.

Жалпы коронавирустың 40-қа жуық түрі бар. Оның зияны адамдарға, итттер мен мысықтарға, сонымен қатар ірі қара мал, доңыз бен құстарға тиеді. Инфекция тыныс алу жолдарын, жүйке жүйесі мен асқазан-ішек жолдарын зақымдайды. Алғаш рет бұл вирус 1965 жылы тіркелген болатын. Ал, жуырда Таиландта да Уханьнан келген турист осы дертке шалдығып ауруханаға түскен. Науқас ем қабылдап болғаннан кейін ғана еліне қайтатын болады

Хабар 24 телеарнасы