379,71 406,00 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстан мен Тәжікстан шекаралық дауды қалай шешпек

  • 249
  • UPD: 08:45, 17.01.2020

Қырғызстан мен Тәжікстан үкіметі талай жылдан бері жалғасып келе жатқан шекаралық дауды шешу үшін өзара жер алмасатын болып келісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі мемлекет шекарасындағы кейбір елді мекендер аралас орналасқандықтан, су мен жер үшін талас жиелеп кеткен. Кейде даудың соңы қарулы қақтығысқа ұласады. 

Қырғызстанның Баткен облысы Тәжікстанның Исфара ауданымен шектеседі. Мұнда екі ел тұрғындарының үйлері мен жер телімдері шахмат тәртібінде орналасқан. 11 қаңтарда бұл аймақта қақтығыс болып, көршілер бір-біріне тас лақтырып, оқ атты. Оқиғадан кейін екі елдің вице-премьер-министрлері шұғыл түрде кездесіп, жанжалды реттеу бойынша келіссөздер өткізді.

Жениш Раззаков, Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары:

– Бірлескен хаттамаға сәйкес, топографиялық жұмыс топтарына келесі жылдың 1 наурызына дейін Баткен облысы және Исфара қаласы арасында ауданы бірдей тең дәрежелі жер телімдерімен өзара алмасу нұсқаларын дайындау тапсырылды.

Бірлескен хаттама 6 тармақтан тұрады. Тең дәрежелі жер телімдерімен алмасу және шекараны межелеумен қатар, шекаралық аймақтағы елді мекендер арасындағы жолдарда екі елдің шекарашылары бірлесіп кезекшілік ететін болды. Жергілікті билік органдарына тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізуге нұсқау берілді.  

Акрам Мадумаров, Қырғызстан үкіметінің баткен облысындағы өкілетті өкілі:

– Жаңа технологиялар қолданылады. Атап айтқанда, екі елдің тұрғындары тығыз тұратын аудандарда бейнебақылау жүйесі орнатылады. Бірлесіп қолданатын жолдарда қозғалысты реттеу үшін бағдаршамдар қойылады.

Хаттамаға қырғыз жағынан вице-премьер-министр Жениш Раззаков, ал тәжік тарапынан вице-премьер-министр Азим Иброхим қол қойды. Қос тарап жоғарыда айтылған алты тармақ үшін тең дәрежеде жауапты болып, барлық жұмысты бірлесіп атқарады. 

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы