375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанда отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі өршіп тұр

  • 195
  • UPD: 11:01, 19.01.2020
Қырғызстанда отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі өршіп тұр

Үйдегі жанжалдан әдетте әйелдер мен балалар зардап шегуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті полиция өкілдері оларды қорғау үшін барын салып жатқандығын алға тартады. «Алайда, қатаң жазаға қарамастан, бұл мәселемен күресу оңай шаруа емес», дейді.

Қырғызстанда соңғы бір айда бірнеше жантүршігерлік отбасылық зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелген. Екі келіншекті күйеулері ұрып өлтірген. Тағы бір жағдайда отағасы әйелінің үстіне жанармай құйып, өртеген. Абырой болғанда, тірі қалды. Осы оқиғалар Премьер-министрдің де алаңдаушылығын туғызып, құқық қорғау органдарына профилактикалық жұмысты күшейтуге пәрмен берді.

Сапарбек Аманкулов, Қырғызстан ІІМ басқармасының басшысы:

- Олқылықтар туралы кодекстің 75-бабында айтылғандай, үйдегі зорлық-зомбылық құқықбұзушылықтың екінші санатына жатады. Ол үшін 60 мың сомға дейін айыппұл қарастырылған. Не 6 айға дейін мәжбүрлі жұмыс істеуі мүмкін. Не болмаса, 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады.

Милиция өкілдерінің айтуынша, қол көтергенді жазалау үшін жапа шеккен тараптың арызы қажет. Соққыға жығылған әйелдер оны жазып та жатады. Алайда, бұл үшін 500 доллар төлеу керектігі жайлы естігенде, арызын кері қайтарып алуға мәжбүр. Осылайша, күйеуіне деген өкпесінен гөрі отбасылық бюджетті маңызды санайды.

Сыргак Айткурманов, ҚР ІІМ тергеу қызметінің басшысы:

- Өзін өзі қорғауға келетін болсақ, былтыр ондай бірде бір дерек тіркелмеген. Бұл зорлық-зомбылық құрбаны өзін ренжіткен адамға қарсы тұра алмайтынын көрсетеді. Бірақ қызбаға салынып, яғни аффект күйінде жасалатын қылмыс түрлері де бар. Өткен жылы ондай 9 оқиға тіркелген. Тергеу әлі жалғасып жатыр. Ешқайсына үкім шығарылған жоқ.

2017 жылы қылмыстық заңнаманы ізгілендіру мақсатында Қырғызстанда отбасылық зорлық-зомбылық қылмыстық құқықбұзушылықтан әкімшілік олқылыққа ауыстырылған. Алайда, тәжірибе қатаң жазаның қажеттігін көрсетіп отыр. Сол себепті қазір Ішкі істер министрлігі заңға өзгертулер дайындауға кірскен. Оған сәйкес кейбір жағдайда отбасылық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жаза қарастырылуы мүмкін.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы