423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Украинада зообақтардағы зобалаңға тыйым күшейді

  • 530
  • UPD: 07:54, 20.01.2020

Украина депутаттары зообақтағы зобалаңды тоқтатып, үй жануарларына қоғам көзқарасын түбегейлі өзгертетін заң жобасын күн тәртібіне қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған соңғы кезде жиі ұйымдастырылатын наразылық акциялары сеп болған. Атап айтқанда, аң қорғаушылары – елдегі стационарлық және контакт зообақтарынан әрі цирк пен дельфинариумдарға барудан мүлдем бас тартуды талап етеді. Жануарлар құқығы жайлы заң қабылданса, хайуанаттарға қатысты елде бірқатар оң өзгеріс орын алады. Мәселен, заң жобасында жануарларға қатыгездік танытқаны үшін 14 жастан асқандарға әкімшілік, ал 16 жастан жоғарыларға қылмыстық жауапкершілік артылады. Сондай-ақ үй жануарын машинасында жиырма градус жылы, не болмаса минус 5 градус суықта қалдырғандар да заң аясында жазаланады. Заң жобасы үй жануарына эвтаназия препаратын қолдануға, ұруға, жертөледе қамап ұстауға, улауға тыйым салады. Қоғамдық орындарда жануарлармен суретке түсуге де жол жабылады. Нөмірі жиырма үш және елу бірінші заң жобасы жануарлар контрабандасына да қатаң тыйым салады. Мысалы, Украинаның демалыс орындары жаз мезгілінде 500-ге жуық экзотикалық жануар: қолтырауын, маймыл, тасбақа, жыландарды шет елден заңсыз тасымалдайды екен. Жаңа заң жобасы аң құқығын аяқасты етпеуді кешенді түрде қадағалайтын болады.

Александр Мариковский, Украина жоғарғы радасының депутаты:

– Біз жануарларға барынша қамқор болуға шақырамыз. Еуропалық нормаларды алға тартамыз. Алайда пікір әлі де екіжақты. Мысалы, дельфинарий қажет пе? Бір жағынан жоқ дерсіз, екіншіден бұл теңіз жануарлары сал ауруына шалдыққан балаларды емдеуге көмектеседі. Алайда олар жабық жерде күнелтеді әрі қамауда ұсталады. Жануарлар құқығын көтеретін заң жобасы өте ауқымды. Ол әлі де қаралатын болады. Егер қабылданса, Украинадағы жануарларды қорғау саласында үлкен серпіліс болар еді.

Хабар 24 телеарнасы