376,52 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда бұралқы жануарлар саны неге азамай тұр

  • 126
  • UPD: 08:36, 20.01.2020

Грузияға келген туристер көшеде жүрген бұралқы ит-мысықты жиі көретінін жасырмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда олар жергілікті тұрғындардың жануарларға деген қамқорлығын көріп қуанып жатады. Мемлекет көше иттері мен мысықтарға жанашырлық таныту ұстанымын қолдайды. Муниципалиттерден көмек бар ма?

Грузия астанасы Тбилисидегі бұралқы ит-мысықтың саны 43 мыңнан асады. Жергілікті мониторинг агенттігі бұл көрсеткішті азайту үшін қолдан келер шараларды атқарып жатыр. Дегенмен көшеде қаңғып жүрген иесіз жануарлар өте көп. Олардың көбінен бұрынғы қожайындары бас тартқан.

Вахтанг Ломджария, жануарлар мониторингі агенттігінің директоры:

– Ең тиімді жолға ұрықсыздандыру мен зарарсыздандыруды жатқызуға болады. Балама ретінде тағы эвтаназия бар. Алайда соңғысын құптарлық деу әбестік. Өкінішке қарай, КСРО-да эвтаназия көп қолданылғанымен, мәселені түбегейлі шешпеді. Төртаяқтылардың обалына қалмаған дұрыс. Олар емес, адамдар кінәлі.

5 жыл ішінде мониторинг бөлімі бұралқы ит-мысықтарға 20 мыңнан астам операция жасаған. Былтырдың өзінде 5 жарым мыңға жуығына көмек қажет болды. Сондай-ақ құтыруға қарсы екпе жасалып, қарғыбауларына ақпараттық чип орнатылды.

Вахтанг Ломджария, жануарлар мониторингі агенттігінің директоры:

– Бізге салдармен емес, себептермен күресу керек. Өкініштісі сол, үй жануарларынан қожайындары бас тартады. Сондықтан елдегі заңды күшейту қажет. Кері жағдайда нәтиже болмайды.

Елде ит-мысыққа арналған бірнеше жекеменшік орталықтар бар. Алайда мемлекеттік мекемелер жоқтың қасы. Көшеде жүрген жануарларға көбіне жергілікті тұрғындар жанашырлық танытады. Олар қолындағысын беріп, тамақтандыруға тырысады. Үй аулаларына шағын орындар дайындап қоятындар да табылады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы