379,71 406,00 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ливия саммиті: қару-жараққа эмбарго қойылды

  • 173
Ливия саммиті: қару-жараққа эмбарго қойылды

Ливиядағы қақтығысқа қатысушы тараптарға қару-жарақ жеткізу немесе қолдау көрсетуге тыйым салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Германияда өткен Ливиядағы жағдайды тұрақтандыру саммитінің қорытындысы осы. Жиынға Триполи үшін таласқа түскен БҰҰ қолдауымен құрылған үкімет басшысы Файз Саррадж бен генерал Халифа Хафтар да қатысқан. Дегенмен қақтығысушы тараптар жеке кездесуден бас тартты. Германия Канцлері Ангела Меркельдің айтуынша, саммитке қатысушы барлық ел бір ауыздан қару-жарақ эмбаргосын қолдады. Сондай-ақ соңғы бірнеше апта бойы Триполидегі оқ атпау режимі тұрақты негізге көшуі керек дейді Канцлер. Бұл саяси үдерістің жалғасын табуы үшін маңызды болса керек.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

– Саммитке қатысушы делегаттар Ливияда оқ атпау режимі кезінде қақтығысушы тараптарға қолдау көрсетпеуге уәде берді. Қару-жарақ эмбаргосын қатаң бақылайтын боламыз. Әйтпеген жағдайда өңірде қарулы қақтығыс қайта басталуы мүмкін. Ал одан тек бейбіт тұрғындар зардап шегіп отыр. Алдағы уақытта бүгінгі кездесу жалғасын табатын болады.

Конференцияға Германия Канцлерінен бөлек, Ресей президенті Владимир Путин, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Франция президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания премьері Борис Джонсон да қатысты. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров, тараптар достасуға дайын болмағанымен, конференция жемісті өтті деп баға берді. Ал Біріккен Корольдіктің премьері Джонсонның айтуынша, Ливиядағы қақтығыс сыртқы елдердің ішкі жағдайға араласуы тоқтаған күні шешімін табады. Оның пікірінше, Ресей, Мысыр, ЕО елдері мен Түркия қақтығысқа араласып, жағдайды ушықтырып отыр.

Хабар 24 телеарнасы