420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Болгарияда зообақтардың жұмысы мүлдем тоқтатылуы мүмкін

  • 542
  • UPD: 18:33, 20.01.2020

Қазір жануарлар жанашырлары осы мақсатта арнайы жоба әзірлеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жуырда ол Парламент қарауына жіберілмек екен. Бұл бастаманы депутаттардың қалай қабылдайтыны әзірге белгісіз. Десе де, осыдан бірнеше жыл бұрын ғана дәл осы қоғам белсенділері жануарларды цирктен аластату туралы заңның қабылдануына ерекше атсалысқан еді. Осылайша, Болгария Еуропада төртаяқтылардың қойылымынан бас тартқан тұңғыш ел атанды.

Болгарияда билік пен қоғам белсенділері, сондай-ақ цирк иелері ортақ мәмілеге келуі талай жылғы еңбектің нәтижесі. Жалпы бұл елде аңдарды таяқтың күшімен үйретуге тыйым салу туралы әңгімелер алғаш рет 2000 жылдардың басында айтыла бастады. Алайда, волонтерлердің бұл талабына билік тек 2006 жылы ғана құлақ асты. Сөйтіп, тағы 2 жылдан кейін депутаттар жан-жануарға жанашырлық танытқандардың үдесінен шығудың амалын тауып, жаңа заң қабылдады. Осыған сай ел ішіндегі және шетелдік цирктер өз қойылымдарынан жануарларды босатуы тиіс болды. Ал мұндай шешімге цирк қожайындары қарсылық білдірмесі үшін өтпелі кезең берілді.

Марина Иванов, жануарларды қорғау қорының директоры:

Заң 2008 жылы қабылданды. Бірақ ол тек 2015 жылы ғана өз күшіне енді. Осылайша, хайуандарға жай табу мен цирктің өз қойылымдарын өзгертуіне әбден жеткілікті уақыт берілді. Бұған қоса, мұндай шара цирк иелерінің наразылықтарын болдырмауға да жол ашты. Енді міне, уақыт біздің бұл мәселеде дұрыс шешім қабылдағанымызды көрсетіп отыр. Яғни, жануарлардың цирктен аластатылуы оң шешім болғаны.

Десе де, аңдарды қайтадан цирк сахнасына қайтарғысы келетіндер де жоқ емес. Сондықтан ел билігі мұндай әрекеттердің алдын алу үшін оларға цирк құрылысы үшін жер беруге тыйым салды. Бұған қоса, көрермендерге тек театрлық қойылымдар ұсынатын цирктерге қаржылай көмек көрсететін болып шешті.

Ахмад Эльнатур, София қаласының тұрғыны:

- Цирк сахнасын жан-жануарларсыз көзге елестету қиын. Мүмкін бұл бала кезден түрлі аңдарды манежден көріп үйреніп қалғандықтан шығар. Дегенмен, ортақ мәміленің арқасында аңдарды енді арнайы зообақтарда көруге болатыны қуантады.

Қазір циркте өнер көрсеткен аңдарға арналған ең ірі орталықтардың бірі – София зообағы. Мұнда төрт аяқтыларға барынша жағдай жасалған. Ал керік, гепард, арыстан секілді ірі жануарлар өзінің табиғи ортасы – Африкаға қайтарылды. Жалпы бүгінде қоғам белсенділері елдегі зообақтарды заң жүзінде арнайы орталықтарға айналдырмақ ниетте. Әзірге бұл бастама тек жоба күйінде. Десе де, көктемде ол Болгария парламентінің қарауына жіберіледі.

Авторлары: Наталья Абильдина, Христо Владев, Антон Лийч

Хабар 24 телеарнасы